
Қазығұрт ауданы Сабыр Рақымов ауылы округінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың 123 жылдық мерейтойына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты кездесу өтті.
Кездесуді, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев ашып берді. «Елдің тыныштығы мен бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру, жолында мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті. Бұл кездесу – Сабыр Рақымов бабамызды еске алу, мақсатында ғана ұйымдастырылған шара емес, патриотизм мен елге деген сүйіспеншілікті насихаттайтын маңызды кездесу. Себебі, Сабыр Рақымовтың қаһармандық жолы- болашақ ұрпаққа үлгі, өшпес мұра. Ол елін жаудан қорғауда асқан ерлік танытып, нағыз қолбасшыға тән қажыр-қайратын танытқан тұлға» — деп, бабалар ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп, келелі кездесу өткізген ұйымдастырушыларға, қонақтарға алғысын білдірді.
Аталмыш жиынға мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы Әкім Ысқақ арнайы қонақ ретінде қатысып, батырдың өмір жолы мен Ұлы Жеңістің маңызы жайлы тағылымды ойларымен бөлісті. Оның тарихи тұлғалар мен елдік рух туралы терең әңгімелері кездесу қатысушыларына ерекше әсер қалдырды. Әкім Ысқақ өз сөзінде «Ер есімі ешқашан ұмытылмайды. Осындай тағылым мен тәрбиеге толы шаралар арқылы біз батырларымыздың даңқты жолын ұлықтап, олардың ерлік рухын, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін келер ұрпаққа жеткіземіз аламыз» — деді.
Сабыр Рақымов ұлтына, туған жеріне адал қызмет еткен даңқты қолбасшы. Оның соғыс жылдарындағы ерлігі, әскери шеберлігі – болашақ ұрпақ үшін мәңгі өнеге болып қала бермек.