
Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелдіктің қайнар көзі», — деген болатын.
Осы орайда, «КітапХан» және «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында М.Мақатаевтың туғанына 94 жыл толуына орай, аудандық білім беру ұйымдарының кітапханашылары үшін «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» тақырыбында Сайрам ауданында семинар өтті.
Мақсаты — ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Ақынның өлеңдері мен әндері арқылы әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, поэзия әлемінің сырын ашу.
Қара өлеңнің қара нары атанған ақынның өмірі мен шығармаларына арналған көрме таныстырылды.
Ұлт аспаптар оркестрі әсем әуенін таратты.
М.Мақатаев атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымының ұйымдастыруымен өткен шараға аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова, Сайрам ауданы жастар ассамблеясының төрағасы О.Намаджанов қатысты.
Семинардың ашылуында құрметті қонақтар мен мектеп директоры Б.Дюсеналиева сөз сөйледі. Өз сөздерінде ақынға құрметін көрсете отырып, саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен халқына деген махаббатын поэзия да ғана емес, өмірде де, күресте де, үлкен азаматтықпен қорғай білген М.Мақатаев мұраларын жас ұрпаққа жеткізудің маңызын айтты.
Дара тұлғаның құрметіне арналған әдеби-саз кешінде мектеп кітапханасында жүзеге асырылып жатқан жобаларға сай оқушылардың кітап оқуға қызығушылықты қалыптастырудағы кітапханашының рөлі жайында бейнеролик көпшіліктің назарына ұсынылды.
Шара барысында Нұрғиса Тілендиевтің музыкасына жазылған «Саржайлау» әнін мектеп ұстаздарынан құралған хор дирижердің сүйемелдеуімен орындады.
Ақынның өмір жолынан білім алушылар ізденістерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Үш бақытым», «Мен бақыттымын», «Отан», «Қазақстан», «Апырмай туған жер ай», «Арманым», «Өміріме», «Адал жар», «Әке», «Шеше» өлеңдерін мәнермен жеткізді.
Осылайша жастар ақынның туған жерге, елге, халқына, ана тіліне деген махаббат сезімдерін сездіре білді.
Ақын туындыларында жазылған туған елі мен тіліне құрметінен бөлек, жетімдер үйін паналаған балалардың ауыр тағдырын шығармаларына қосып, жетімдер тақырыбында қалам тартқан. Жас оқырман оқушылар «Жетімдер үні», «Болашаққа арыз жазып кетейін» сахналық қойылымдарын қойып, ерекше әсер қалдырды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, мұғалімдер мен оқушылармен бірге тамаша өнерлерін ортаға салды.
Жағымды ахуал қалыптастыру мақсатында мектеп психологі «Жақсы сөз –жарым ырыс» атты тренинг жүргізді. Сергіту сәтінде кітапханашылардың көңілдері серпіліп қалды.
Шығармашылық кеште қатысушылар рухани демалып, ұжымның жұмысына оң пікірлерін білдіріп, жоғары бағалады.
Оқу белсенділігін арттыруға бағытталған семинарда балалардың қазақ әдебиетін тануға құштарлығы мен тіл тазалығы бар екені байқалды.