Түркістан облысының дәрігерлері жуықта Түркия Республикасындағы жетекші клиникалардың бірінде біліктілікті арттыру мақсатында тағылымдамадан өтті.

Бұл жұмыстар Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүргізіліп, облыстық клиникалық аурухананың 9 дәрігері мен 2 операциялық мейірбикесі Түркияның Анталия қаласындағы «Medical Park» клиникасында кәсіби мамандармен тәжірби алмасты.

Сапар аясында түркістандық мамандар озық медициналық технологияларды қолдану арқылы ота жасаудың тың тәсілдерін меңгерді. Атап айтқанда, бауыр және бүйрек трансплантациясы, сондай-ақ артық салмақ пен семіздікке қарсы (бариатриялық) және зат алмасу бұзылыстары мен қант диабетін емдеуге бағытталған (метаболикалық) хирургиялық әдістермен танысты.

Ондағы мақсат заманауи медициналық технологияларды меңгеру, халықаралық тәжірибені өңірлік медицинаға енгізу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.

Түркиядағы тағылымдамадан кейін, түркістандық дәрігерлер жаңа әдіс-тәсілдерді өңірдегі медициналық практикаға енгізу үшін өз біліктіліктерін жетілдіріп, жоғары деңгейдегі операцияларды жүзеге асыруға дайын. Сонымен қатар, бұл сапар түркістандық медицина қызметкерлерінің халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына және өз саласындағы соңғы технологиялық жетістіктерді меңгеруіне үлкен мүмкіндік туғызды. Әсіресе, бауыр мен бүйрек трансплантациясы, сондай-ақ семіздікке қарсы операциялар мен қант диабетін емдеу саласында озық тәжірибе жинақталды.

Түркияның жетекші клиникаларында білім алған мамандар тек жеке біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар өздері жұмыс істейтін медициналық мекемелерде жаңа технологияларды енгізу арқылы өңір тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұл тәжірибе түркістандық дәрігерлердің практикалық дағдыларын жақсартуға, сондай-ақ жаңа әдістерді енгізу үшін қажетті білім мен дағды алуға ықпал етті.

Алдағы уақытта, Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесінде осындай жаңа әдіс-тәсілдердің кеңінен қолданылуы нәтижесінде облыс тұрғындарының медициналық қызметке деген сұранысы толығымен қанағаттандырылып, аймақтағы медициналық қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жоғарылайды.