Ұлттық домбыра күні қарсаңында Шымкент қаласында дүниеге келген алғашқы сәбиге қазақтың қасиетті домбырасы сыйға тартылды. Игі шара қалалық №6 перзентханада ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына төл мәдениет пен рухани мұраны бесіктен сіңіру мақсатын көздеді.

Дәстүрлі акцияны ҚХА жанындағы Аналар кеңесі
ұйымдастырды. Осыдан 11 жыл бұрын бастау алған «Айналайын» акциясы жыл сайын Ұлттық домбыра күні аясында өткізіліп келеді. Биыл демеушілердің қолдауымен жаңа туған нәрестелерге домбыра табысталып, аналарға және сәбилерге қажетті сыйлықтар ұсынылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласы бойынша Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаеваның айтуынша, бұл бастама ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен қатар, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған.

— Домбыра – халқымыздың рухани болмысы мен ұлттық мәдениетінің айшықты белгісі. Ұлттық домбыра күні дүниеге келген сәбилерге домбыра тарту ету – терең тәрбиелік мәні бар игі дәстүр. Бұл – жай ғана сыйлық емес, ұлттық өнердің сабақтастығын жалғайтын рухани мұраның символы. Бүгінгі сәбилер ертең елін сүйетін, ұлттық өнерді қастерлейтін азамат болып өседі деп сенеміз. Баланы ұлттық мәдениетпен ерте жастан таныстырудың маңызы зор. Тіпті сәби ана құрсағында жатқан кезден бастап бесік жыры мен халық әндерін тыңдап, анасының мейірімін сезінуі оның рухани әрі үйлесімді дамуына оң әсер етеді, – деді Гүлжан Сүгірбаева.

Іс-шара аясында Шымкент қалалық опера және балет театрының солисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова «Ана» әнін жанды дауыста орындап, жас аналарға ерекше әсер сыйлады.

Шымкент қалалық №6 перзентхананың бас дәрігері Мадина Кенжебаеваның мәліметінше, биыл Ұлттық домбыра күні Шымкент қаласында 22 сәби дүниеге келген. Қазіргі таңда барлық ана мен сәбидің жағдайы жақсы. Ешқандай шағым жоқ.