Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында көрнекті тарихшы ғалым, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Академик Манаш Қозыбаев: Тарих зердесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара аясында «Кітап оқитын ұлт» жобасы негізінде ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Жиынның негізгі мақсаты – академиктің өмір жолы мен ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау, отандық тарих ғылымының дамуына қосқан үлесін зерделеу және еңбектерінің ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы маңызын айқындау. Тағылымды басқосуда қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов академиктің отандық ғылым мен тарих саласындағы орнына тоқталды.

Дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері, профессорлар, ғалымдар, кітапханашылар мен музей мамандары қатысты. Қатысушылар Манаш Қозыбаевтың ғылыми еңбектерін талқылап, оның қазақ тарихын зерттеуге қосқан үлесі, тарихи танымды қалыптастырудағы рөлі мен мол мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы жөнінде пікір алмасты.

Манаш Қозыбаевтың ғылыми мұрасы – қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық сананың қалыптасуына ықпал еткен құнды рухани қазына. Ғалым өз зерттеулерінде ел тарихының күрделі кезеңдерін зерделеп, тарихи оқиғалар мен тұлғалардың орнын ғылыми тұрғыдан бағалауға ерекше мән берген. Оның еңбектері отандық тарих ғылымының дамуына тың серпін беріп, кейінгі зерттеушілер үшін маңызды ғылыми негіз қалыптастырды.

Академиктің еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру арқылы тарихи сабақтастықты сақтау және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу мүмкіндігі артады. Әсіресе, жастардың төл тарихқа қызығушылығын оятып, өткен кезеңдерден тағылым алуына жағдай жасау бүгінгі қоғам үшін маңызды. Тарихты терең білу – ұлттық болмысты танудың және елдің болашағына жауапкершілікпен қараудың негізі.

Кітап көрмесінің ұйымдастырылуы да осы мақсатпен сабақтас. Ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектер оқырмандарға оның ғылыми ізденістерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы мұндай бастамалар кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ғылыми әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

Жалпы, академик Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған тағылымды кездесу көрнекті ғалымның есімін ұлықтап қана қоймай, оның бай ғылыми мұрасын кейінгі буынға жеткізуді көздейді. Осындай ғылыми-танымдық іс-шаралар тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және отандық ғылымға құрметті арттыруға қызмет етеді.