Түркістан қаласында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, жол инфрақұрылымын жаңғырту және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша 2026-2027 жылдары қала аумағындағы жалпы ұзындығы 110,7 шақырымды құрайтын 143 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын 48 көше жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстары барысында жолдың жүру бөлігіне екі қабат асфальт жабыны төселіп, жол белгілері жаңартылады. Қазіргі таңда шаһардағы С.Ерубаев және А.Абдрахманов көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұдан бөлек, қала аумағындағы автомобиль жолдарының сапасын сақтау, олардың техникалық жағдайын жақсарту және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Сонымен қатар, жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше бақылау жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстар белгіленген талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкес орындалып, пайдалануға берілген жолдардың ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте мердігер мекемелердің жұмысы қадағаланып, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға басымдық берілуде.
Қала көшелерін жаңғырту барысында жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, жол таңбаларын сызу, тиісті жол белгілерін орнату және көлік қозғалысын реттеу шаралары қарастырылған. Мұндай жұмыстар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және тұрғындар үшін қолайлы қозғалыс жағдайын қалыптастыруға бағытталған.
Жол инфрақұрылымын жақсарту қала тұрғындарының күнделікті өміріне де оң әсерін тигізеді. Сапалы жолдар көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа аумақтардың игерілуіне және туристік әлеуетінің артуына мүмкіндік береді.
Алдағы кезеңде де Түркістан қаласындағы жол жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі мақсат – қала көшелерінің сапасын арттырып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қауіпсіз әрі жайлы көлік инфрақұрылымын қалыптастыру.
