1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай Түркістан облысында АИТВ инфекциясының алдын алу, тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру және аурудың таралуына жол бермеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы басшысының орынбасары Даурен Рыскелдиев мәлімдеді.
«Түркістан облысында 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда ашық акциялар өткізіліп, тұрғындарға АИТВ инфекциясына тегін әрі жедел тестілеуден өту мүмкіндігі ұсынылуда. Сонымен қатар, еңбек ұжымдары, құқық қорғау органдары, әскери қызметкерлер арасында ақпараттық кездесулер ұйымдастырылуда. Науқан аясында АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мен бірқатар медициналық ұйымдарда ашық есік күндерін өткізу жоспарланған»- деді спикер.
Мамандардың айтуынша, АИТВ инфекциясының алдын алуда ең маңызды қадамдардың бірі – тұрғындардың бұл дерт туралы дұрыс ақпараттануы және денсаулығына жауапкершілікпен қарауы. Осыған байланысты облыс көлемінде жастар мен ересектер арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылып отыр. Кездесулер барысында инфекцияның жұғу жолдары, одан сақтану шаралары және уақтылы медициналық тексеруден өтудің маңыздылығы түсіндіріледі.
Сонымен қатар, АИТВ инфекциясын ерте анықтау мақсатында халық арасында тестілеудің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Мамандар кез келген азаматтың өз денсаулығына бейжай қарамай, күмән туындаған жағдайда медициналық мекемеге жүгінуі қажеттігін атап өтті. Уақытылы жүргізілген диагностика инфекцияны бақылауға алып, оның асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Баспасөз жиынында стигма мен кемсітушілік мәселесіне де назар аударылды. Өйткені қоғамда АИТВ инфекциясымен өмір сүретін адамдарға қатысты қалыптасқан теріс көзқарастар олардың медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осы орайда мамандар тұрғындарды түсіністік танытуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және әр адамның құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеуге шақырды.
Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні аясындағы іс-шаралардың басты мақсаты – тек бір күндік ақпараттық науқан өткізу емес, АИТВ инфекциясының алдын алу мәдениетін қоғамда тұрақты қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталмақ.
Мамандардың пікірінше, АИТВ-мен күрес – медицина қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азаматтың сақтық шараларын білуі, уақтылы тексерілуі және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы инфекцияның таралуын тежеуге елеулі үлес қосады.
