
9 ақпан – қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Мұқағалимен сырлас» атты ерекше поэзия кеші өтті. Бұл шара «Түнгі кітапхана» жобасы аясында ұйымдастырылып, жыр сүйер қауымға рухани кеш сыйлады.
Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, ақын өлеңдері оқылды. Кешке жиналған көрермендер мен арнайы қонақтар ақын жырларын тебірене оқып, оның мәңгілік мұрасына деген сүйіспеншіліктерін білдірді. Сондай-ақ, Мұқағалидың сөзіне жазылған әндер орындалып, әдебиетсүйер қауым ерекше әсер алды.
Поэзия кеші өнер мен әдебиетті ұштастырып, ақын мұрасын дәріптеу арқылы жастардың рухани дамуына ықпал етті. Мұқағали жырларымен сусындаған оқырмандар оның шығармашылығы арқылы өзіне рухани азық алып, ақынмен сырласқандай күй кешті.
Бұл кеш – ақынға деген сағыныштың, оның мәңгілік мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісі болды. Мұқағали жырлары әр жүрекке жылу сыйлап, көрермендерге шабыт пен рухани қуат берді. Кітапхана осындай әдеби шараларды ұйымдастыру арқылы ұлттық поэзиямызды дәріптеуді жалғастыра береді. Ақын мұрасы – ұрпаққа аманат, ал оның өлеңдері әрқашан жүректерде жаңғырып тұрары сөзсіз.