
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылы округінде әлем әдебиетінің өкілі, халықтар достығын жырлаған ақын Алишер Науаидың 584 жылдығына орай, «Науаи – заман мен халықтарды біріктірген ұлы тұлға» атты әдеби кеш өтті.
Аталған әдеби кеш Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестігі «Дустлик» қауымдастығының және Өзбекстан республикасы “Ватандошлар” қоғамдық қорының, Шымкент қалалық және Қазығұрт ауданы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға Өзбекстаннан ғалым, жазушы, ақындар және өнерпаздар және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алишер Науаи — түркі тілін ғылым мен білімнің, классикалык әдебиет пен өнердің тіліне айналдырудың берік іргетасын қалап, тарихи-рухани бетбұрыс жасаған ерекше тұлға.
Әдеби кешке арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев: “Біздің еліміз көпэтносты мемлекет екені баршаңызға мәлім. Сондықтан, біз үшін ынтымақ, бірлік деген ұғымдар үлкен мәнге ие” дей келе, еліміздегі барша этнос өкілдерінің көк туымыздың астында тату-тәтті, ынтымағымыз жарасқан күйде күн кешіп жатқаны баршамыздың достық пен бірлікке деген ұмтылысымыздың арқасы екенін атап өтті. Сондай-ақ Өзбекстаннан келген қонақтарға, Ассамблея мүшелеріне ерекше алғысын жеткізді.
Бірлікті бекемдеген жиында сөз алған “Ватандошлар” қоғамдық қорының төрағасы Адылжан Саттаров, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестігі «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Түркістан облысы өзбек этномәдени бірлестігі төрағасы Бахадыр Ирсметовтер бүгінгі шараның мақсаты – бауырлас қос халық арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту екендігіне назар аударды. Сонымен қатар, мәдени және әдеби кештер ұйымдастыру арқылы қазақ және өзбек тілін, қазақ және өзбек мәдениетін, дәстүрлерін сақтауға және дамытуға зор септігін тигізеріне тоқталды.
Іс-шара барысында Өзбекстаннан келген «Ватандошлар» қоғамдық қоры делегациясы құрамындағы әнші, ақындар өздерінің өнерлерін көпшілікке тарту етіп, Тұрбат ауылындағы мектеп және мәдени ошақтарға кітап, өзбек ұлттық аспаптарын тапсырды. Көптеген игі шаралардың басынан табылып жүрген қор келестік ақын Рабия Дустанованың «Хамроз» кітабын шығаруға демеуші болып, шарада кітаптың тұсауы кесілді.