Түркістан облысы, Сайрам ауданының білім бөліміне қарасты М.Мақатаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, асыл жырларымен қалың жұртшылықты махаббатына бөлеген Мұқағали Мақатаевтың туғанына 94 жыл толуына орай «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты аудандық кітапханашылар семинары өткізілді.

«Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің қолдауымен өткен жиында Сайрам аудандық білім бөлімі әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі Гульнара Нуртанова мен Сайрам аудандық «Ассамблея жастарының» төрағасы Олимжан Намаджанов құрметті қонақ болып, патриоттық рухы жоғары ақынның шығармашылығындағы елдік, бірлік, отаншылдық жайындағы өлеңдеріне тоқталды.

Жиында мектеп кітапханашысы Е.Майкараева «Мұқағали Мақатаев — қазақ поэзиясының Хантәңірі» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, мектеп кітапханасының тиімділігі мен “КітапХан” жобасымен таныстырды. Іс-шарада ақын өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды.

Жыр кешінде ақиық ақынның «Шеше, сен бақыттысың», «Ей, өмір», «Үш бақытым», «Табиғат», «Жастық», «Отан», «Ақ шағала», «Анашым», «Поэзия» өлеңдерін оқырмандар мәнерлеп оқып, әдемі кештің әрін келтірді.

Сонымен қатар, ақын өлеңдеріне жазылған “Саржайлау”, «Сәби болғым келеді», «Есіңе мені алғайсың», “Отыздан асып барамын” сынды әуезді әндері шырқалып, “Болашаққа арыз жазып кетейін”, “Жетімдер үні” сахналық қойылымы ұсынылды.

Кейінгі ұрпақтарына баға жетпес мұра қалдырған М.Мақатаевтың ғибраты мол туындыларын насихаттауға арналған жыр кешінде жиналған қауым ерекше рухани азық алып, үлкен әсермен тарқасты.