
«Аққу ұшып, қаз қонған, қайран Қарасазым-ай», – деп туған жерін сағынышпен жырлап, асқақ бейнеде суреттеген мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпақтың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге тәрбиелеу мақсатында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Мұқағали жырлары — мәңгілік» атты аудандық «Мұқағали оқулары» байқауы өтті. Байқауға қатысушы үміткерлер «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» «Жыр эстафетасы», «Мұқағали мұрасын кім көп біледі» атты кезеңдер бойынша сынға түсті.
Байқау нәтижесі бойынша Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернаттың 10 сынып оқушысы Жақсыбек Ақтолқын 3 орын, Шілік ауылынан қатысқан оқырман Қаһар Айнұр 2 орын, Талаптылық Базарбай Нұрасыл 1 орын, Көксарайлық Әбдібек Жансая Бас жүлде иеленіп, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Басқа қатысушыларға арнайы ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды.
… Тірлігінде шекпен кимей, шен алмай,
Еңбегінің қызығын да көре алмай.
От боп жанып өтіп кеткен ақынға
Мәңгілік қып өмір берген өлеңді – ай, — деп Айтақын ақын жырлағандай, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді.
Иә, Мұқағали ақынның ұрпаққа ұран болған жырларын елі де, ақынның ой мен сезім астасқан жырларын жаттаған жас қауым да ешқашан естен шығармайды деп сенеміз. Мұқағали жырлары – мәңгілік!