Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қа­­зақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы 1-дәре­желі сыйлығының лауреаты, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Шәм­шиябану Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әде­биеттану ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның есімі әлем әдеби байланыстарының өзекті проблемаларын, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы еңбектерімен респуб­ли­каның, ТМД елдерінің ғылыми қауымына кеңінен мәлім.

Сәтбаева Шәмшиябану Қанышқызы 1930 жылдың 25-шілде айында қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қаныш Сәтбаев атындағы ауылда дүниеге келіп, 2002 жылыдың 1-қаңтарында Алматыда облысында дүниеден өткен.

Шәмшиябану Қанышқызының кітаптары мен естеліктерінде Баянауылға, оның тамаша табиғатына деген шексіз махаббаты ерекше шабытпен сөз болады. Осы елде орта мектепті аяқтаған соң, 1946 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. 1950 жылы бұл жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіреді. Одан әрі ол аспирантураға қабылданады.

Шәм­шиябану Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әде­биеттану ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлға. Оның есімі әлем әдеби байланыстарының өзекті мәселелерімен, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы еңбектерімен респуб­ли­каның, шетелдік ғылыми ортада кеңінен мәлім.Ғалымның қазақ әдебиеттануына қосқан өзін­дік үлесі орасан зор.

1951-1954 жылдары Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің аспи­рантурасында оқиды. Аспирантурада оқып жүріп, әлем әдебиеттері қатарында қазақ әдебиетін қалың жұртшылыққа танытуда аянбай тер төгеді, лекциялық курстарда, семинарларда оқытылатын қазақ әдебиеті туралы материалдарды орысша дайындауға атсалысады. Кафедра ұжымы дайындаған, 1960 жылы Мәскеуде шыққан студенттерге арналған “Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әдебиеті” атты оқулықтың қазақ әдебиеті бөлімінің материалдарын Ш.Сәтбаева дайындаған.

Шәмшиябану Сәтбаева 1954 жылы небәрі 24 жасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде “Қазақ көркем прозасындағы индустрияландыру” деген тақырыпта кандидаттық диссертация­сын қорғайды. Ғылыми еңбектің ресми оппо­ненті болған қазақтың мақтанышы Мұхтар Әуезов өз пікірінде диссертациялық жұмысты өте жоғары бағалап, ғылымда жа­ңалығы бар дүние екендігін атап көрсеткен.

1965 жылы Шәмшиябану Қанышқызы Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына қызметке ауысып, біржола ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұ­ғылданады. Институттың әдебиеттер байла­ны­сы бөлімінде аға ғылыми қызметкер бола жүріп Мәскеу, Ленинград кітап қорларында, қолжазбаларында қазақ халқы, оның мәдениеті мен әдебиеті туралы Батыс Еуропа елдерінде ертеден бері жазылып, жинақталып қалған материалдарды тауып, ғылыми айналымға енгізеді.

Зерттеу нәтижесінде қа­зақ әдебиетінде күні бүгінге дейін өз маңы­зын жоғалтпаған көптеген сүбелі ғылыми мақалалар мен еңбектер жарық көрді. Ол өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және әдеби байланыстар мәселелеріне арналған алғашқы мақалаларын ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап жариялай бастады. “Француздар қазақтар жайында”, “ХІІІ-ХІХ ғғ. қазақ жеріндегі еуропалық саяхатшылар”, “Қазақ фольклорының шетел әдеби сынында бағалануы” атты еңбектері бірден ғылы­ми жұртшылық назарын аударды.
Ғалым “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланысы” (Алматы, 1970), “Әдебиеттер достығы” (Алма­ты, 1986) және т.б. жинақтарды, сондай-ақ, “Қазақ әдебиеті тарихының” үшінші томын шығару ісіне белсене атсалысты.

1971 жылы ғалым “ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жар­ты­сындағы қазақ-еуропа әдеби байланыстары” тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Бұл еңбек жайлы М.Қаратаев, Т.Нұртазин сынды танымал әдебиеттанушы ғалымдардың жоғары бағалаған пікірлері де бар. Осы жылы “Ғылым” баспасынан “Қазақ әде­биетінің шетел әдеби сынында баға­ла­нуы” атты жинақ Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның құрас­тыруымен әрі көлемді алғысөзімен жарық көрді. Мұнда шетелдік авторлардың деректері мен жолжазбаларындағы құнды мәліметтер орыс тіліне аударылып, тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілді.

Ғалым зерттеулерінде Фирдоусидің “Шах­намасының” қазақ тіліндегі нұсқасы, шы­ғыстық сюжетке құрылған қазақ дас­тандары, Абай шығармаларындағы шы­ғыстық сюжеттердің қолданысы, кеңестік кезең қаламгерлерінің шығармаларындағы шетелдік Шығыс тақырыбы, қазақ қалам­герлерінің Азия және Африка елдері жазу­шыларының ынтымақтастығы қозғалысын­дағы әдеби байланыстар мәселесі жайлы айтқан ой-пікірлері де кең тұрғыда қарас­тырылған. Зерттеушінің ғылыми мұрасында ұлттық әдебиеттануда алғаш рет ғылыми айналымға енген шетелдік деректер мен мәліметтер көптеп кездеседі. Осындай құнды мәлімет­тер­дің қатарына Байронның сүйіктісі Клер Клермонттың атынан жарық көрген неміс ақыны Герман Гамбстың “Владимир және Зара” атты Қазақ елі жайлы жазылған романтикалық поэмасын жатқызуға болады.

Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева поэманың 1836 жарық көргенін ескере отырып, шетелде қазақ тақырыбына жазылған тұңғыш поэмаға ерекше мән беріп, ғылыми әрі тарихы маңызы жоғары мәлімет ретінде бағалады. Әдеби саяхаттар (әдеби сапарнама) мәселесі – зерттеушіні ерекше қызықтырған мәселелердің бірі болды. Ғалымның көп жылдар бойғы ізденісінің нәтижесінде жаңа деректерді қамтыған “ХІХ – ХХ ғғ. шетелдік саяхатшылар Қазақстан туралы” атты қол­жаз­ба жинақталды.
Ғалымның монография­лық еңбектерінде Орта Азияда, қазақ дала­сында болған еуропалық саяхатшылар Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло және тағы басқа батыс саяхатшыла­рының қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен салт-санасы жайлы өз отандаста­рына жазған түрлі жазбаларынан деректер беріл­ген.

Зерттеушінің барлық ғылыми ең­бектері өз уақытында ұлттық салыстыр­малы әдебиеттану ғылымына арналған алғашқы ғылыми-зерттеулер ретінде осы саладағы ғалымдар мен қоғамдық ортаның жоғары бағалауына ие болған еді. Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева Ш.Құдайбердиев, М.Жұма­баев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дула­товтың шығармашылық мұрасын зерттеу комиссиясының құрамында болып, кейін Ш.Құдайбердиевтің, А.Байтұрсыновтың шы­­ғармаларын жүйелеп бастыру ісін басқарып, олардың өмірі мен шығармашы­лығы туралы зерттеулер жазды. Сондай-ақ, ғалымның екі ғасыр бойы Қазақ елінің өркендеуіне еңбек еткен Сәтбаевтар әулеті туралы “Сәулелі әулет” (1996), “Свет очага” (1999), “Әбікей Сәтбаев” (2000), және т.б. ең­­бек­терінің де өз оқырманын тапқаны ақиқат.
Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі мен ХV-ХVІІІ ғасырлардағы тарихын игеру жоспарлары мен проспектісін жасап, үлкен текстологиялық жұмыс жүргізді. Мұнда VІІ-ІХ ғасырлардағы ежелгі жазбалар, Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігі”, Қожа Ахмет Ясауидің “Диуани хикмет”, А.Иү­гүнекидің “Хибат-ул-хакаих” тағы басқа жал­пы түркілік ортақ ескерткіштердің қазақ әдебиетінің дамуына әсері зерттелді. Ғалым өзінің ғылыми-теориялық зерттеу­лерінің бір саласын халық ағарту ісіне ар­на­ды. Ол орыс мектептерінің 9-10 сыныпта­рына және Қазақстан жоғары оқу орын­да­рының филология факультеттерінің орыс бө­лімдеріне арнап жазылған “Қазақ әдебиеті” оқулығының, “Қазақ әдебиеті” оқулығына арналған методикалық құралдың авторла­рының бірі болды.

Шәмшиябану Қанышқызы өзінің осын­шалықты ізденімпаздығы мен ғылымға адалдығын өз шәкірттеріне де дарыта білген ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен еліміз­дің бірқатар білікті ғалымдары докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады.

Қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті тұлға-Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның туғанына биыл 95 жыл толады.