Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына «Ән аға — Жан аға» атты гала-концерт өтті.

Іс-шара барысында көрермендерді «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен қарсы алды. Сондай-ақ, композитордың қолданған бұйымдары қойылған арнайы музей бұрышы ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Панно-тақтайшалар арқылы композитор әндерінің шығу тарихы таныстырылды. Гала-концертте филармония ұжымының орындауында Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы әндері шырқалып, композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильмдер көрсетілді. Концертке ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және өзге де өнер шеберлері қатысты.

Мерейтойлық концерттің көрермендері Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығының жарқын бейнесін сезініп, композитордың өмірі мен өнеріне тағы бір рет куә болды. Аталмыш шара өнер сүйер қауымға Шәмші ағамыздың туындыларын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Оның шығармашылығы мен халыққа деген адал қызметі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінгі таңда да өз құндылығын жоғалтпайды. Шәмші Қалдаяқовтың әсем әндері — тек музыка ғана емес, ол халқымыздың тарихы мен мәдениетін айшықтайтын ескерткіш, ол біздің ұлттық рухымыздың бір бөлігіне айналды. Бұл іс-шара Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнеріне құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа оның өнегелі жолын насихаттау болды. Келешек ұрпақ оның шығармаларын қадірлеп, терең түсініп, қазақтың музыкалық мұрасын сақтап қалуға міндетті. Түркістан қаласында өткен осындай мерейтойлық іс-шаралар еліміздің мәдени мұрасын насихаттап, өнер қайраткерлерінің еңбегін лайықты бағалауға зор мүмкіндік береді.