
Бүгін Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссия отырысы өтті. Мәжіліске комиссия мүшелерінен бөлек аудан, қалалардың жауапты әкім орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары мен мамандары қатысты. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен ғылыми сараптама негізінде тарихи-мәдени ескерткіштерді алу, қосу бойынша ұсыныстар қаралды. Осы жөнінде алдымен Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасады.
– ¬Түркістан облысы аумағында орналасқан алдын ала есепке алу тізіміндегі 100 ескерткішке «Rutrum» ЖШС-і тарапынан тарихи-мәдени сараптама жұмыстары жасалынған болатын. Бүгінгі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысына Түркістан облысы бойынша алдын ала есепке алынған 1336 тарихи-мәдени мұра объектілерінің ішінен, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуге 100 ескерткіш ұсынылып отыр. Сондай-ақ, жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде тарихи құндылығын жоғалтқан облыстағы 10 ескерткішті мемлекеттік тізімнен шығару ұсынылады, – деді басқарма басшысы.
Профессор, археолог Мадияр Елеуов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Археологиялық ғылыми зерттеу» орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Бағдаулет Сыздықов, т.ғ.д. археолог, гуманитарлық ғылымдар магистрі Серік Ақылбек баяндама жасап, өзекті мәселелер талқыланды. Алда тұрған міндеттер пысықталды. «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың» директоры Олжас Сейданов монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларына енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Мәжіліс барысында Арыс пен Кентау, Түркістан қаласында, Келес, Қазығұрт және Ордабасы, Отырар, Төлеби мен Шардара ауданында бьюст-ескерткіштер орнату бойынша ұсыныстар ортаға салынды.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша 1780 тарихи-мәдени мұра объектісі есепке алынған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 40, жергілікті маңызы бар 403, алдын ала есепке алу тізімінде ¬1336 бар. Монументті өнер туындыларының саны – 842.