Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония биылғы жоспарлаған іс-шара шымылдығын «Фараб» би ансамблінің жеке есеп беру кешімен ашты. Кеш барысында «Фараб» би театрынан өзге «Fioletovo» би үйінің бишілері мен Махмуд Урумбаев өнер көрсетті. Думанды жиынды Маменов Әлімжан мен «Фараб» би театрының көркемдік жетекшісі Шаликашвили Марианна тізгіндеді.

«Фараб» би ансамблі 2017 жылдың шілде айында облыс әкімінің қолдауымен құрылған. Би тобына өңірдің аудан, қалаларынан бишілер іріктеліп алынды. Бүгінгі таңға дейін ансамбль құрамында 49 кәсіби биші өнер көрсетті. Құрылғанына аз уақыт өткеніне қарамастан «Фараб» би ансамблі 2017 жылы Астанада өткен Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында алғаш рет табысты өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қайтты.

Өз біліктілігі мен кәсіби деңгейінің нәтижесінде әртүрлі жанрдағы би қойылымдарын меңгеріп үлгерген би ұжымы республикалық, облыстық, және қалалық мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Сондай-ақ жүлдегер атанып жүр.

Атап айтқанда, «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен түркітілдес мемлекеттерінің біріккен күніне арналған салтанатты іс-шарасында өнер көрсетті. 2017 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Дәби қаласында халықаралық мәдениет фестивалінде, 2018 жылы Түркияның Инегел қаласында өткен халықаралық байқауда, Бурса қаласында 32-ші «Алтын Қарагөз» халық билері байқауында, 2021 жылы ансамбль Қазақстан жане Италия елдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты берік нығайту мақсатында атақты Санта Чечилия консерваториясының үлкен залында, 2022 жылы Түркияның Изник қаласында 76 елдің қатысуымен өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу және жабылу салтанатына қатысқан.