Жұматай Жақыпбаев (1945—1990) — Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

Жұматай Жақыпбаев көзі тірісінде-ақ замандастарының, ағаларының құрметіне ие болған бақытты ақын.
Ал бүгінгі ұрпақ поэзия патшалығының лайықты тұрғыны бола білген Жұматай Сағадиұлының «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні» және қайтыс болғаннан кейін жарық көрген «Көктемгі хаттар» сынды өлең жинақтарын сүйсініп оқиды.
Жұматай ақын көзі тірісінде-ақ замандастарының, аға буынның ерекше құрметіне ие болған. Ол итальян ақыны Ф.Петрарканың Лаурасы сынды қазақ өлеңіне музасы «Ләйләні» ескерткіш қып қалдырды. Ғұмыр бойы Ләйләні жырға қосқан ақынның туғанына биыл 80 жыл толып отыр.

Поэзия – өмірдің әрі мен нәрі. Ол – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы секілді құндылық. Қатқылдау суреттеуге барсақ қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, ерен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы.

Тіптен поэзия жайында нақты бір тұжырымды ой айту қиын. Өйткені ол бір емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулысы бар.

Табиғаты бөлек, жаратылысынан сұңғыла, туабітті тектілігі бар, жүріс-тұрыс, бітім-болмысымен баяғының сал-серілеріне ұқсап туған Жұматай Жақыпбаев ерекше ақын еді.

Ақын – Алланың ең нәзік жаратылысы. Өзгелер ұқпағанды түйсініп, басқалар сезбегенді терең қабылдай білетін, жүрек қылын тек ізгілікке шерткізетін де солар. Сондықтан бәзбіреулерден артық қайғырып-мұңаятын, көңілсіздік аралына жиі соқтығып, «жан қайығын жарға ұрғандай» күй кешетін кездері де бар. Бұл – кемшілік емес, артықшылық.
Қай ақын болмасын өз елін шексіз сүю үшін ең алдымен туған жеріне деген сүйіспеншілігі шексіз болуы шарт. Жалқыдан жалпыға көшкенде ғана сезімдер өміршең келмек. Отанға сүйіспеншілік те туған жердің жасыл шалғынын жырлаудан бастау алмақ.

Жұматай поэзиясы -тіршіліктің ұдайғы сұлу қозғалысы іспетті серпінді, ықшам, әсерлі, нәрлі, қызу, қымбат. Ақын Ибрагим Исаев Жұматай шайырдың поэзиясына: “Сырқат жүректі сауықтыратын жырлар” деп орынды баға берген. Қазақ өнерінің көгінде аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан дара дарын иесі, ақын, Жұматай Жақыпбаевтың шығармашылығы ұрпаққа өнеге. Ақын қаламының қасиетімен, сөзінің құдіретімен, нәзік, терең лирикалық өлеңдерімен, қазақ әдебиетінде өшпес өнегелі із қалдырды.

Саналы ғұмырын поэзия көгінде қалықтауға арнаған ақын тірісінде лайықты бағасын ала алмаса да, бүгінде өз биігінен орын тепті. Қазақ поэзиясының тарихындағы көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаев – жаратылысы тұнық, таза бұлақтай мөлдір жан, адам баласына деген мейір тұнған болмысы пендешілік, бықсық мінезден ада. Ақын өз шығармаларында қазақ азаматтарының арлылығын, адалдығын аңсады.

Жұматай Жақыпбаев сомдаған лирикалық қаһарманның ой-толғамы, мақсат-мұраттары көп мәселеде қоршаған ортадан өзгеше және озық. Ақын өлеңдерінде ерекше орын алған тақырыптың бірі –туған жер. Көркемдігімен көз тартар сұлу Сарноқай тауының етегіндегі ауыл қаламгердің эстетикалық идеялына айналған. Ол кіндік қаны тамған туған жерге деген шексіз махаббатын Сарноқай бейнесі арқылы жеткізеді. Жұматай жырларының нақты оқырманы Сарноқай тауын сауық ордасы, әсіресе, ат бәйгесі өтетін кеңістік ретінде қабылдайды. Олай болатыны ақын өлеңдерінде бұл тұрақты сарынға айналған көрініс.

Автор өзінің бозбала шағындағы қымбат қасиеттерін Сарноқайдан ажырағандықтан жоғалтып алғандай, оның бәрі сол жұртта қалғандай етіп жырға қосады. Ақын дәріптеген осынау қасиетті мекен жоғарыда айтылғандай, бәйге дүбіріне толы кейіпте көрсетіліп, бейне бір думанға, шаттыққа толы жастық шақ базарының символындай биікке көтеріле жырланады. Ол халқымыздың өткен өміріндегі тұрмыс суреттерін, сал-серілер өміріне қатысты шындықпен байланыстырып отырады және сол арқылы өткен шаққа деген сағынышы, туған жерге деген махаббаты танылады.

Ж.Жақыпбаев шығармаларында көп кездесетін пейзаждық лирика түрлерінің дені туған жер тақырыбына арналған. Оның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер санасы мен табиғат суреттерінің астасып кететін тұстары көп. Ж.Жақыпбаетың шығарма мазмұнын көркем пішінге көшіру барысында көріктеу құралдарына негіз боларлық өмірлік материалдарды табиғаттан қапысыз екшеп ала білетіндігінің ең үлкен айғағы оның – пейзаждық лирикасы деп білеміз.

Жұматай Жақыпбаев ғұмыр бойы жырлап өткен музасы Ләйласын өмірінде 3 рет қана көрген. Ол алғаш рет Ләйләні би кешінде көрген. Екінші рет оны КазМУ қалашығанын сырттай көріп қалған. Ләйләнің жанында бөтен жігіт тұрғанын көріп, жақындауға бата алмаған. Ал, үшінші рет ауылда көрген. Мәскеуге оқуға кеткен Ләйлә елге оралғанда сыртынан ғана көріп, көз тартар сұлулығына тәнті болған деседі.

Ақынның көзі тірісінде «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні» деген үш жинағы жарық көрді. Кейін ол дүниеден өткен соң «Көктемгі хаттар», «Ләйлә», «Кенежирен» деген жыр жинақтары әртүрлі баспалардан шықты.

Ақын өзінен кейінгілерге аға болып, бір топ жас ақындардың басын қосып «Жұматайдың қағанатын» құрады. Қағанатта Әбубәкір Қайран, Есенқұл Жақыпбек, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай, Темірғали Көпбаев, т.б. ақындар болған. Ақын Мейірхан Ақдәулет «илхан» шеніне, мәдениеттанушы Әуесхан Қодан «гоан» шеніне тағайындалған.

Жұматайдың өмірдегі жары – ақын Зайда Елғондинова. Ол да – ақын. Зайда ақынның «Қырдың қызыл реңі», «Қандай сұлу таң еді», «Менің ғасырым», «Сәуір шуағы», «Мұнар мен гүл» жыр жинақтары, «Зайдағұмыр» өлеңдер жинағы (2002), «Махаббат пен мұң» поэтикалық новеллалар жинағы (2003) жарық көрген. Жұматай Жақыпбаев туралы «Менің ертегім» және «Мың екінші түн» атты кітаптар жазған.

Ол 1967 жылы ҚазМУ-ді бітірген соң Талдықорған облысының «Октябрь туы» газетінде жұмыс істейді. Кейін Талдықорған облыстық радиосы мен «Жалын» баспасында журналист болады. Қазақстан Жазушылар одағында да қызмет атқарған.

Ақын Жұматай Жақыпбаев «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бір бойына бірнеше өнер қонған дарынды азмат болған. Оны замандастары мықты боксшы, күйші, атбегі, көкбаршы ретінде біледі.

Негізінен Жұматай – оқымысты ақын. Сол себепті, оның өлеңдерін қаймана қазақ түсіне бермеуі мүмкін. Тек тарих пен философиядан сусындап даралар мағынасына тереңдер өлеңдері бір елдің мұрасындай құнды келетіні де сондықтан.
«Ақын боламын, сенің атағыңды әлемге шығарамын, Ләйлә!» Сүйген жүректің сертіндей болған бұл сөздерді Жұматай айнаға қарап тұрып айтқан екен.
Жұматайдың Ләйләсін естімеген адам елде жоқ шығар. Алайда, осы бір аңызға айналған махаббат иелерінің өмірде, бар болғаны, үш-ақ мәрте кездескенін біреу біліп, біреу білмес.

Неміс қаламгері И.Бехер лирик ақынды “өзін-өзі бейнелеуші адам. Оның өзі – өз лирикасының кейіпкері” – дейді.
Ақын мен сүйіктісінің өмірлік байланысы осыншалықты ұқсас болғандықтан оның шығармадағы көрінісі де солай болуы тиіс. “Петрарка өзінің махаббатының өмірде болғандығын баса көрсетті, өйткені Лаура шындығында өмірде болған”, – дейді Р.И.Хлодовский. Ал Жұматайдың Ләйләға арнаған өлеңдерінде жоғарыдағы З.Елғондинованың естелігінде айтылған өмір шындығының іздері сайрап жатыр және ақын оның өмірде болғандығын айқын көрсеткісі келген ниеті сезіліп отырады.

Ал егер де әзілсіз айтатын болсақ, мен Жұматайды қазақ поэзиясына тың да соны формалық жетістіктер енгізген, ойнақы интеллектуалдық әкелген советтік дәуірдің провинциализмінен, кең құлаш эпостық дүниетанымын биік мәдениетімен жеңе білген, идиллиядан трагедиялық деңгейге дейін көтерілген лирик – ақын деп түсінемін. Ең ғажабы, ол лирик болғанда, жырау – лирик. Оның ең нәзік сезімдері – жыраулық дәстүрдің айнымас қасиеті елсүйгіштік сезімінен туындайды. Жұматай – осы қасиетімен дара.