
Абдолла Жұмағалиев – қазақтың ақыны. 1934 – 1936 жылдары Орал педагогика институтында (қазіргі Батыс Қазақстан мемлекет университеті), 1936 – 1938 жылы ҚазПИ-де (қазіргі АлМУ) оқыған. 1938 – 1939 жылдары Қызылорда сауда техникумында оқытушы, 1939 – 1941 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор болған. 1941 жылы шілдеде әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты (1941, 26 қазан).
Абдолла Жұмағалиев 1915 жылы 26 ақпанда (кейбір ресми құжаттарда 1914 жылы) (құжатта 3 сәуір деп қате көрсетілген) Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданындағы Маркс селолық кеңесіне қарасты Былқылдақ елді мекенінде дүниеге келді. Бүгінгі таңда Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округі аталады. 1941 жылдың шілдесінде Алматы қаласындағы Фрунзе қалалық әскери комиссариатынан 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкі құрамында майданға аттанды. Әйгілі генерал Панфиловтың басқаруындағы құрама біліктілігі мен батылдығының арқасында майданға тыңғылықты дайындықпен шыққан. Жаужүрек панфиловшылар қазан айында Батыс шептің 16-әскері құрамында қолбасшы Рокоссовскийдің басшылығымен аса жауапты шеп – Волокалам тасжолының қорғанысын қамтамасыз етті.
Әскери дайындықта ерекше қабілетімен көзге түскен жауынгер Абдолла Жұмағалиев 203-арнаулы барлаушылар ротасының сапына алынды. Көп кешікпей пулеметші болу арманына да қол жеткізді. Бірақ соғыстың аты – соғыс, Новинки деревнясында болған ұрыста взвод пулеметшісі Абдолла Жұмағалиев қаза тапты. Ақынның ерлігі туралы тек газет бетіндегі қысқаша дерек күйі қалмасын деген ниетпен Мәскеудің қорғаныс тәсілдері туралы 1941 жылғы қазандағы библиографиялық дереккөздер мен архив құжаттарын сараптап, біршама зерделеу жұмысын жүргізген екен. Өйткені Абдолланың соңғы шайқасы сол жылдың 26 қазанындағы әскери бұйрықты орындау іс-қимылының аясында болған.
Абдолла Жұмағалиевке қатысты тың мәліметтерді жаңғыртуға, әсіресе Дмитрий Снегиннің 1948 жылы жарық көрген «На дальних подступах» атты повесі маған оның жауынгерлік бейнесін зерделеуде біраз жайтты ашып берді. Бұл майдан жазбалары кейіпкердің қаһармандық қырын ашуда құнды деректер ұсынады. Жазушы қажетті деректерді мұқият жинақтау арқылы Панфилов дивизиясына қатысты шынайы тарихтың беттерін жазған. Оның жазбаларындағы майдан даласындағы ұрыстардың мезгілі мен орны, ұрысқа қатысушылар туралы ақпарат дәл берілген. Қаламгер дивизия құрамында бес жыл бойы майдан даласында болды. Соғыстан соң аты аңызға айналған даңқты құраманың жолын дәріптеп, командирлері мен қатардағы жауынгерлерін әйгілеген шығармалары арқылы сол сұрапыл кезеңнің шежіресін жазды.
«Шалғайдағы шепте» повесі ауыз әдебиеті мен ұлтымыздың ұлы ойшылы Абайдың мол мұрасымен сусындаған Абдолла Жұмағалиевтің жоғары патриоттық рухы мен шешуші шайқас алдындағы ішкі жан дүниесін шебер суреттейді. Әскери прозаның артықшылығы сол, автор құнды құжаттар мен өзі куәгер болған нақты оқиғаларға сүйене отырып, майдан даласындағы шынайы көріністі оқырманның көз алдына әкеледі.
Расында да, Абдолла Жұмағалиев соғысқа дейін де Абай шығармаларын жата-жастана оқып, жыр жазуға, өлеңді Абайша жазуға аса құмар болды. Ал жазушы Мұхтар Әуезовтің қолдауы оның дарын-қуатын еселеп, ұлы ақын туралы поэманы жазуға кірісуіне себеп болған еді. Дмитрий Снегин ақын шығармашылығы туралы көзқарасы мен жауынгердің жан дүниесін, ұстанымын оқырманға байланысшы Аямбек Нұркенов арқылы жеткізеді. «Мен ауыл мұғалімі кім екенін енді ғана ұққандаймын. Мен бұдан былай балаларды батыл әрі отансүйгіш етіп қалай тәрбиелеу қажеттігін білемін. Мен оларға осы түн туралы, Абдолла туралы, үлкен Отан… бәрі, бәрі жөнінде бүге-шүгесіне дейін баяндап беремін».
Осылайша, жазушы қазақ даласының ұлы Абдоллаға Аямбек болып тамсанады, осылайша, Дмитрий Снегин ұлы Абайдың қазақ халқына қалдырған бай мұрасы мен Абдолла Жұмағалиевтің Абай шығармаларына құштарлығын паш етеді, ақындардың құндылығын ұрпағына аманаттағысы келеді.
Сөйтіп, Снегиннің майдан туындысы арқылы Абдолладай батырдың қайсарлығы мен қаламгерлігін қатар айта түскен абзал. Абайдан қуат алған, оның ақындық қуатын жан-тәнімен сезінген, сөйтіп, ұлт ұстазы туралы дастан жазуды армандаған Абдолланың ширек ғасырдан сәл асқан шағында шейіт болғаны өзекті өртейді. От пен оқтың арасында көзсіз ерлігімен танылған ақын елге аман оралғанда қазақ әдебиетін құнды дүниемен байыта түсер ме еді деген сауал көңілде тұрады.
1944 жылы тағы да «Социалистік Қазақстан» республикалық газетінде ақын Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы жарық көрді.
1948 жылы жазушы Дмитрий Снегиннің 316-атқыштар дивизиясының 857 артилериялық полкі құрамында соғысып, майдан ортасындағы оқиғаларды көзімен көрген шежіреші әрі мұрағат құжаттарын пайдаланған қаламгер ретінде жазған жоғарыдағы «Шалғайдағы шепте» атты повесін жариялады. Повестің басты кейіпкерлері – генерал В.Панфилов, батыр Бауыржан Момышұлы, ақын Абдолла Жұмағалиев, Брест қамалын қорғаушы, болашақ ғалым В.Фурсов секілді тұлғалар. Снегин өз шығармасында қатардағы сарбаз Абдолла Жұмағалиевті аталғандардан бөле-жармай, оның ерлігіне ерекше екпін түсірді. Айтар болсақ, генерал Панфиловтың өзі де Жұмағалиевтің жаужүректігіне тәнті болатын.
Абдолла ерлігі туралы жылдар жүзінде журналист И.Нарцисов, ақын-жазушылар П.Кузнецов, Әбу Сәрсенбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожиндер естелік қалдырды. Өкінішке қарай, КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған «Мемориал» деректер базасында Абдолла Жұмағалиев жөнінде 1954 жылғы 20 ақпанда Жымпиты аудандық әскери комиссариаты жолдаған «1944 жылдың соңында қаза тапты деп санауға болады» деген бірауыз сөз жазылған.
Абдоллаға тән қасиет алған бетінен қайтпауы, өмірге де, тіпті өлімге де даяр қайсарлығы болса керек. Оған майдан газетінде тілші болып, жұмыс жасап жүре беруіне болатын еді. Алайда ақын тағы бір замандасы, жазушы Дмитрий Снегинге сыр шерткенде айтып кеткеніндей, болашақта «терең мазмұнды шығарма жазу үшін» алдыңғы шепке асықты. Егер қанқұйлы соғыста Абдолла тірі қалғанда, қазақ әдебиеті қабырғалы өкілдерінің біріне айналары анық еді.
Жұмағалиевтың ерлігіне арнап Қ.Аманжолов “Ақын өлімі туралы аңыз” поэмасын жазды (1943). Жұмағалиевтың алғашқы өлеңі “Біздің еңбек” альманағында (Орал, 1934) жарық көрген. 1936 – 41 жылдары шығармалары республикалық баспасөзде үнемі жарияланып тұрды. Ол “Токиодағы дауыс”, “Шығыс қызы”, “Асан туралы аңыз” атты поэмаларында жастық шақ, адамгершілік, достық, бақыт, Отан тақырыбын көтеріңкі шабытпен жырлады. Шет ел әдебиетінен Байрон, Лермонтов, Низами, Тоқтағұл шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ел басына күн туған шақта әр сарбаз қолына қару алып, майданға аттанды. Оның арасында қазақтың небір талантты, қарымды қаламгерлері де болды. Қасарысқан жауға қаймықпай қарсы шапқан есіл ерлердің бірі – әдебиет әлемінде қайталанбас қолтаңба қалдырған ақын Абдолла Жұмағалиев.
Абдолла Жұмағалиев есімі Кеңес кезеңінде әдеби ортаға ерте танылды. Өлеңдері еліміздегі бірқатар басылымдарға жарияланып, әдеби альманахтарда жарық көрді.
Соғыс басталғаннан-ақ, ақын қаламын қаруға айырбастап, майдан даласының алғы шебіне жөнелтілді. Алайда, 4 айдан кейін ақын шайқас кезінде көзсіз ерлікпен қаза тапты.
Қайсар ақын өмірден ерте өтсе де, әдеби мұралары өміршең…
Марқұмның жырлары ел жадында қалып, тасқа басылғанмен, ол жайлы дерек онша көп емес ау. Ақынның отбасы болды ма? Ұрпағы бар ма екен? Абдолла Жұмағалиев соғыс басталғанға дейін корей қызы Александрамен көңіл қосып, заңды некеде тұрған. Ақын соғыста жүріп өлген соң, жары басқа адамға тұрмысқа шығады.