
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысына келді. Жұмыс сапары барысында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де өткен кезлесу барысында қонақтар белгілі ұстазы, профессор Рахманқұл Бердібаев атындағы залмен танысты. Дарынды тұлға жайлы естеліктермен бөлісті.
«Ол 1958 жылы қазақ тілі неге шетқақпай көріп жатыр, жоғары оқу орындарында неге қазақ тілі оқылмайды деген мәселелерді көтерген. Содан кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне репресия жүргізіліп, бас редакторы Сырбай Мәуленовтен бастап жұмыстан кеткен. Қазақ тілінің дамуына үлес қосқан азаматтың бірі, сондықтан да кездесуіміз осы залда өтіп жатқанына қуаныштымын» деді ақын Қазыбек Иса.
Депутат мәжіліс мінберінде көтерген бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның ішінде желтоқсан айында қабылданған Түркістан облысына ерекше мәртебе беру жиынында түйінді сөз сөйлеуге тура келгендігін атап өтті.
«Ерекше мәртебе беру туралы заң қабылданды. Оның дайындық жұмыстарына облыстағы бірқатар зиялылар атсалысты. Қаншама талқылау мен ұсыныстар айтылды. Парламентте қолдау тапқанына қуаныштымыз. Бұған сіздің де еңбегіңіз сіңді. Оны атап өтпеске болмас. Депутаттық корпусқа ризамыз. Бірқатары белсенділік көрсетті. Түркістан тарихының жаңаша түлеуге жол ашылғанына шынында разымыз» деді тарихшы Хазретәлі Тұрсын.
Ел ақсақалы Жарылқасын Әзіретберген қазақ тілін қажеттілікке айналдыруды тоқтатпауын сұрады. Бұдан бөлек жиынға қатысушылар штрафты азайтуды сұрады. Қала көшелерінің біріне қойылған павлиннің мүсінін «Құлагерге» ауыстыруды атап өтті. «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры Тельман Бейсен тарихи орындардың бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Түрлі сауалдар қойылып, еркін пікір алмасты.
Айта кетейік, Қазыбек Иса депутат қана емес, ол – ақын, журналист. Тіл туралы, ел-жұрт туралы үнемі айтып жүргенін халық жақсы біледі. Өзінің айтуынша, Парламент құрамының 90 пайызы қазақ тілінде сөйлейді және олар Үкіметтегілерге қазақ тілін үйрететін ордаға айналған.