Сәуірбек Бақбергенов — кеңестік қазақ жазушысы, публицист, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы (1996).
Сәуірбек Бақбергенов (1920–1997) — 15 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Түркістан жетім балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін сол Түркістан қаласындағы теміржолшылар мектебін, педагогика училищесін бітірген. Соғысқа дейін өлеңдер, әңгімелер жазған. Ұлы Отан соғысы басталғанша Мәскеу қаласындағы әскери училищеде қызмет етті. Соғыс кезінде Солтүстік батыс майданында Новгород, Псков, Калинин, Холм, Великие Луки түбінде ұрыстарға қатысқан. Атақты Панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, байланысшы офицер болып істеген. Қаламгерлік жолын 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкерліктен бастайды. Оның тырнақалды туындылары 1950 жылы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы повесін жариялады. Осы жылы кітап болып шыққан туындыларының басты кейіпкерлері – Дина Нұрпейісова, Нұрмолда Алдабергенов, Кенен Әзірбаев, Шоқан Уәлиханов тәрізді еліміздің тарихи тұлғалары және Ұлы Отан соғысының қаһармандары: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев. «Дина», «Қайран шешем», «Әке жүрегі», «Қарға тамған қар», «Талғат» романповестері орыс тілінде, сондайақ шығармалары белорус, грузин, армян, қырғыз, татар, эстон, башқұрт тілдерінде жарық көрді. Қазақстанның Халық жазушысы.

Саурбек Бақбергенов-белгілі қазақ жазушысы және аудармашысы. Ол қазақ халқының өмірінде тарихи рөл атқарған атақты адамдардың тағдыры туралы 20-ға жуық романдар мен повестердің авторы.Саурбек Бақбергенов 1920 жылы 15 Сәуірде туып, 1997 жылы 17 қаңтарда дүниеден өткен. Саубек Бақбергеновтің «Дина» повесі қазақ аспаптық музыкасының негізін қалаушы, Құрманғазы Сығырбаевтың шәкірті — атақты қазақ домбырашысы Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығы туралы.

 Шығармалары: «Алтын күрек». Повесть. А., ҚМКӘБ, 1958; «Біздің колхоз». Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; «Бозторғай». Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; «Алтын емелден асқанда». Повесть. А., ҚМКӘБ, 1961; «Қайран шешем». Роман. А., ҚМКӘБ, 1963;» Қоянкөзге құлаған жұлдыз». Повесть. А; «Жазушы», 1965; «Қасиет». Повесть. А., «Жазушы», 1966; «Қарға тамған қан». Роман. А., «Жазушы», 1967; «Адам және көлеңке». Повесть. А., «Жазушы», 1969; «Белгісіз солдат». Повесть. А., «Жазушы», 1977; «Он үшінші ойыншы». Повесть. А., «Жалын», 1979; «Шығармалардың екі томдығы». А., «Жазушы», 1980; «Қан тозаң». Роман. А., «Жазушы», 1983. «Ақбоз атты ару». Повесть. А., «Жазушы», 1986; «Запасной игрок». Роман, повесть, әңгімелер. «Жазушы», 1990; «Смерть Тамерлана». Повесть. «Қазақстан», 1992; «Бөрте – Шыңғысханның жұбайы». Повестер мен әңгімелер. «Жазушы», 1993; «Қарға тамған қан». «Алтын күрек». Романдар. «Елорда», 2000; «Қайран шешем». Роман. «Ерен», 2000.

Сонау Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты тарихы мол, қасиетті Созақ даласында дүниеге келіп, жастайынан әке-шешеден айрылып, Түркістан жетім балалар үйінде тәрбиеленген Сәуірбек Бақбергенов қаламға тым ерте-ақ жармас­қан екен. Балалар үйінен кейін сол Түркі­стан қаласындағы теміржолшылар мектебінде, педучилищеде оқып жүріп-ақ өлең, әңгіме жазуға машықтаныпты. Алғашқы талпыныстары пәлендей нәтиже бермегенмен де оның әдебиетке деген құштарлығын шыңдай түсіпті. Мәскеу қаласын­дағы әскери училищеде дайын­дық­тан өткен ол соғыс басталғасын Сол­түс­тік-Батыс майданында Новгород, Псков, Калинин, Холм, Великие Луки түбін­дегі ұрыстардың от-жалынын бастан кешті. Атақты Панфиловшылар дивизия­сын­да взвод командирі, байланысшы офицер болды. Міне, мұның бәрі Сәукең сияқты қаламгерге қаншама азық болды десеңші. Сөйтіп, қаламға іңкәрлік өзімен замандас, қатарлас Әбу Сәрсенбаев, Қали­жан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Тоқаш Бердияров, Ғаббас Жұмабаев сияқты майдангер ақын-жазушылардың сапына енуіне себепкер болды.

Демек, Сәукеңнің бейбіт тірліктегі еңбек тақыры­бы мен соғыс тақырыбын өз шығармашы­лығында қатар алып жүруіне ықпал етті. Әрі көркем проза, деректі проза аталатын екі жанрда еңбектенуге де итермеледі. Сондықтан да Сәукең тудырған алуан кітаптардың басты кейіпкерлері ойдан шығарылған әдеби образдар емес, өмірде болған нақтылы адамдар. Олар – Дина Нұрпейісова, Шоқан Уәлиханов, Кенен Әзірбаев, Нұрмолда Алдабергенов сияқты тарихи тұлғалар, әрі Ұлы Отан соғысы­ның қаһармандары – Бауыржан Момыш­ұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев.

Бұл жерде қайталап ескертетін бір жайт – жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің Оңтүстік Қазақстан өңірінде, оның ішіндегі атақты Созақ жерінде дүниеге келуінің өзі ол кісінің әдеби еңбегіне өзінше өрнек салғандай еді. Мысалы, кезінде Сәукең арнайы тапсырыспен жоғарғы сынып оқушылары үшін “Менің Қазақстаным “сериясы бойынша “Қазы­ғұрт­тың басында кеме қалған” деген атпен сол Оңтүстік Қазақстан облысы туралы кітап (“Жалын” баспасы, А. 1984) жазған екен. Мұнда сол өңірдің ерекше­ліктері, арғы-бергі тарихы, географиясы, өсімдігі мен жан-жануарлар дүниесі өте қызықты баяндалған. Сыр бойы, Қара­таудың теріскейі мен күнгейі хақындағы небір ғажайып аңыздар жып-жинақы етіп келтіріліп отырған. Соның ішінде күй дарыған Созақ өңірінің кере­мет­тері де әрине, назардан тыс қалма­ған. “Қаратау­дың үшқаты мен аршасы, Сырдың қамысы мен құрағы өзінен өзі тұрып, әндете жөнелді” деп жазады автор аталмыш кітаптың бір тұсында. Сосын осында туып-өскен бұрынғы мен соңғы­ның тамаша ақындарын, жыршы-терме­шілерін тізе келіп, Әлшекей, Ықылас, Сүгір, Жаппас, Төлеген, Қасымбек, Файзолла тәрізді атақты күйшілерді де қадап айтады. Иә, Созақ шын мәнінде күй дарыған өлке. Кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтің “Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме” деуі де тегін емес. Демек, біз өмірі мен шығарма­шы­лы­ғы хақында сөз қозғаған Сәуірбек Бақбергенов қазақ күй өнерінің ең бір қайнаған ортасында көз ашып, оның кәусәрі­мен бала кезінен сусындаған. Демек, мақаламыздың басында айтылған­дай, жазушының сонау соғыстан кейінгі жылдарда-ақ, еліміздің батыс қиырлары­ның бірінде, күй өнерінің тағы бір үлкен ордасы Жайық өзенінің бойында туып-өскен, қазақтың ұлы күйші-композиторы Дина Нұрпейісова туралы арнайы повесть жазуы, әрі бұл дүниенің сол жылдарда оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болуы, әрі орысшаға аударылып, одақтық “Детская литература” баспасы арқылы басылып шығуы жайдан-жай емес.

Алайда, Сәуірбек Бақбергеновтің күй өнері төңірегіндегі толғамдары осымен таусылмапты. Ол Дина Нұрпейісова жөнін­дегі тақырыпқа қайта оралды. Осының нәтижесінде “Қайран шешем” атты роман дүниеге келді. Бұл жерде мынаны ескерткіміз келеді. “Қайран шешемде” бұрынғы “Дина” атты повестің кейбір эпизодтары қайталанғанмен, екеуі екі бөлек шығарма ретінде өмір сүруге құқылы. “Динаны” негізінде жасөспірім­дерге арналған шығарма ретінде қараған жөн. Ал соңғысы, яғни “Қайран шешем” ересектерге арналған толыққанды роман ретінде бағаланатыны дау тудырмайды. Біз осы соңғысына аз-кем талдау жасамақпыз.

Дина Нұрпейісова ең алдымен, көптеген өлмес-өшпес күйлердің авторы, ұлы композитор, орындаушы ретінде ел жадында қалған ғой. Сосын да болар, Сәукең осы романын жазуда, оның оқи­ға­ларын құрастыруда күйші-композитор­дың ең негізгі шығармаларының дүниеге келуіне байланысты жағдайларды жіпке тізіп, роман сюжетін соған орай құрған екен. Шығарманы оқып отырсаң, мұның өте бір ұтымды тәсіл болғанын аңғарасың. Динаның өнер адамы ретінде ел ішінде атағы ерте танылғаны шындық. Сосын да Жайық бойы, Атырау теңізінің жағалауы, Нарын құмы сияқты етек-жеңі кең-кең аймақтарда өмір сүрген, өзімен замандас күйші, әнші, ақын-термешілердің көбімен дәмдес-тұздас болған. Солардың ішіндегі ең шоқтық­тысы, әрине, күй атасы Құрманғазы Сағыр­­байұлы.

Ең бастысы, ел ішінде атақ-даңқы әртүрлі дүмпу тудырып жүрген Құрман­ғазы атты кісіні көруі, әрі оның “Ақсақ киік” деген күйінің осы кішкентай Дина қыздың көз алдында дүниеге келуі еді. Сол Құрманғазы келетін күні күндіз, небәрі он жасар қыз Дина бір топ бала­ның қоршауында қалың құмда киік қуған аңшыларды көрген еді. Қыз байыптап байқаса, әке үйіне қонаққа кеп отырған Құрманғазы, бетінде найзаның терең түскен таңбасы бар аса сүйекті адам сол аңшылардың біреуі екен. Ақсақ киікті тезірек өлтірудің қамын жасаған да осы кісі екенін танығанда Динаның тұла бойын тіптен үрей жайлай­ды. Одан әрі тыңдаса, бұл кісі сол ақсақ киік үшін өзінің де тым қамкөңіл екенін аңғартады. Сол күні Кенженің әйелі Жанихаға сол өзі атқан ақсақ киіктің етін қазанға салғызбайды, өзінің енді қайтіп киік етін жемеуге ант бергенін баяндайды. Мұның бәрін Дина кейін біледі. Біледі де қайта шошынады. Себебі, кейін ол киіктің етінен әке-шешесімен бірге өзі де дәм татқан еді. Әрі Құрман­ғазы тартқан күйлердің әсері бар, “Ақсақ киік” күйінің қалай туғаны туралы ел ішіне тараған аңыздардың неше түрлі нұсқасы бар, бәрі қосылып, Динаны ауру етеді. Ол бір ай жатып, әрең жазылады. Ол осы уақыттың ішінде едәуір есейіп, өзгеріп кеткенге ұқсайды. Бұл болашақ дарын иесіне күй өнерінің алғашқы әсер етуі еді.
Бұдан әріде “Қайран шешем” рома­нын­да Кенже балуан мен оның кішкентай қызы Динаның күй атасы Құрманғазымен екінші мәрте кездесуі суреттеледі. Бұл оқиға осы Нарын құмындағы атақты тұлға Ақбай ауылында болады. Бұл шаққа дейін Дина сәл-пәл домбыра өнеріне жаттығып та қалған еді. Анау-мынау күйлерді нақышына келтіріп орындап та береді. Міне, осындай шақта Құрманғазыны қайта көруі оны қанаттандырмай қайтсін.

Ал С.Бақбергеновтің соғыс тақыры­бына арналған шығармалары өзінше бір төбе. “Қарға тамған қан”, “Алтын күрек” атты романдары мен “Жанғожин”, “Белгісіз солдат”, “Барлаушылар” повес­тері кезінде қазақ жастарының сүйіп оқыған шығармаларына айналып еді. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өміріне арналған “Қоянкөзге құлаған жұлдыз”, тағы басқа деректі повестері де солай. С.Бақбергенов сондай-ақ ауыл шаруашылығының өзекті проблемаларына орай көптеген әңгімелер, очерктер, өткір мақалалар да жариялаған. Спорт тақыры­бына да қалам тартып, “Он үшінші ойыншы” атты повесть те тудырды. Әттең, осылардың әрқайсысына жеке-жеке талдаулар жасалса ғой. Сондай-ақ, С.Бақбергенов шығармашылығы өзінің ғылыми зерттеушілерін де күтіп тұр. Ол кісінің қаламынан туған роман-повес­тердің, деректі туындылардың көркемдік деңгейі, өмірлік шындықтары, қуаты, тілдік қасиеттері, ғылыми негіз­дері, этно­графиялық қырлары сыншылар тарапы­нан ашылуы керек деп ойлаймын»,-деп жазды «Әдебиетке шинелімен келген» атты мақаласында.