
Түлкібастық кәсіпкер 2016 жылы шағын наубайхана өндірісін үй іргелік жерінен бастап, бүгінгі таңда аудан аумағындағы сауда нүктелері мен мекемелердің 50 пайызға жуығын өнімімен қамтып отыр. Ерлан Ахметов басқаратын наубайханаға аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен арнайы барып, кәсіпкердің жұмысымен танысты.
ЖК «Ерлан-нан» тәулігіне 50 келілік 15 қап ұннан 2 мың данаға жуық бөлке нан, күлше, тапсырысқа қарай тәтті тоқаш пісіріп, сауда орындарына таратады. Бүгінде кәсіпкер өнім көлемін ұлғайту мақсатында жаңа пеш орнату жұмыстарын бастап кеткен. Жаңа пеш іске қосылған жағдайда тәулігіне 30 қапқа дейін, яғни 1,5 тоннаға дейін ұннан нан өнімдерін шығаруды жоспарлауда. Қазіргі таңда онда 13 адам жұмыспен қамтылған. Аудан басшысы өндіріс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстар айтып, қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
