
Жаңа Конституциядағы азаматтардың еңбек құқықтарына қатысты мәселелер «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, «Темірлан абаттандыру» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының еңбек ұжымымен өткен кездесуінде талқыланды. Жұмысшылармен кездесуге Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков, саяси партиялардың өкілдері атынан Бейбіт Биназаров, белсенді қоғам мүшелері қатысты.
Кездесуде жаңа Конституцияда азаматтардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын нығайтуға бағытталған өзгерістер жайлы мағлұмат беріліп, бұл құқықтық нормалар халықаралық стандарттарға сәйкес еңбек адамдарының мүддесін қорғау, жұмысшылардың қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуіне жағдай жасау және лайықты еңбекақы алуына ең жоғары заңдық кепілдік беру міндеттерін көздейтіні айтылды.
Парламент Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек еңбек қатынастары саласын реттейтін жаңа конституциялық нормалар туралы қосымша ақпарат беріп, бұл талаптар Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге толық сәйкес келетінін айтты. Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жаңа Конституцияда миллиондаған отандасымыздың үміті мен сенімі ұялағанын жеткізіп, біз қабылдайтын Ата заң – азаматтар арқа сүйейтін мемлекет құруды, көпшілікке қорған болатын заң қабылдауды және адамның абыройы мен ар-ожданы бәрінен биік тұратын қоғам болуды мақсат тұтатынын мәлімдеді.
Коалиция мүшесі Бейбіт Биназаров, ауданның абыройлы қариясы Лесбек Жүсіп Ата заңдағы іргелі өзгерістер жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарының сақталуына конституциялық деңгейде кепілдік беретінін және бұл нормалар еңбек адамының мәртебесін көтеріп, мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғауды күшейтетіні түсіндірді. Жұмысшылар еңбек адамдарының мүддесі мен құқығын қорғау тетіктерін нақты қарастырған Конституция жобасына қолдауын білдіріп, алдағы референдумда Әділетті қоғам құруды жақтап өз таңдауларын жасайтындарын айтты.
