
Жұбан Молдағалиев — ХХ ғасырдың екінші жартсындағы қазақ совет әдебиетінің, қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосқан әдебиет ісінің ұйымдастырушысы, мемлекеттік қайраткер. Биыл ақынның туғанына — 105 жыл.
Қаламгер 1920 жылдың 5-қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты. Әкесі жастайынан қайтыс болып, анасы Зәріптің тәрбиесінде өседі. Өз ауылындағы мектепте білім алады.
«Мен 1920 жылы Орал облысы қазіргі Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде дүниеге келдім. Көктемде көз-жасындай сығып шығарып, жыланып, жысырап ағатын, жазда кеуіп қалатын «Жылан» деген өзен сымақты көз алдыңызға келтіріңіз. Осыған қарап менің руластырымның қалай тіршілік еткенін шамалауға болады. Бір жұтым су үшін жасағанға жалбарынып, сол үшін шын мағынасында алысып өтіпті. Мұң-мұқтаждық жағынан менің әкем Молдағали да кемде қалмаса керек. Ол жарлы, жуас, момын, кісі болыпты», — дейді ақын өз естелігінде.
Анасының жастайынан берген тәрбиесі болашақ ақынның әдебиетке әуестенуіне әсер етеді.
«Өлең-жырға ерте әуестендім. Жас кезімде ақын атанып, айтыстарға түскен аяулы анам кейін жесір қалып, сәл қолы босай қалса, мені алдына алып отыратын. Ол өз-өзінен күңіреніп, өлеңмен сыр шертетін, шер тарқататын. Қазақ эпосының көптеген шығармасын жатқа білетін анам мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды. Кейін мен мұны талай-талай еске алғаным бар», — дейді ол.
Ол Оралдағы ауыл шаруашылық техникумында оқи жүріп, қаладағы әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысты. 1939 жылы «Комсомол ұрпағы» атты облыстық жастар газетінде оның «Ленин тірі» деген тұңғыш өлеңі де жарық көрді.
1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. Осылайша, ақынның шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді.
Жұбан Молдағалиев 1941 жылы 22 маусымда таңғы төртте советтер елінің батыс шекарасында 28 танк дивизиясының 28 гаубицалық артилерия полкінің батарея комисарының орынбасары қызметінде соғыспен бетпе бет жүздесті, содан әскерден 1947 жылы ғана босайды.
Зеңбірекші, артиллерия батареясының комиссары, 2 –інші Беларус майданында қазақ тілінде шыққан «Майдан шындығы» газетінің тілшісі. Майдан жылдары белгілі орыс ақын — жазушылары: Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик және майдандық редакцияларды басқарған: Сергей Михалков, Михаил Светлов, Степан Щипачевтермен, бертін келе ақын Римма Казакова, башқұрт ақыны Мұстай Кәрім, атақты Расұл Ғамзатовпен танысады, олардың ортасында көп жылдарға созылған қарым –қатынастар орнайды.
Ақын өз естелігінде шығармашылық жолына қалай оралғынан былайша есіне алады:
«Батарея комиссары болып қызмет істеп жүргенімде ойда-жоқта майдандық «За родину» газетінің жанынан ашылып жатқан «Отан үшін» қазақ газетіне жіберілдім. Сөйтіп, сөніп бара жатқан ақындық үміт қайта тұтанды».
Қаламгер жауға қарсы сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бастан кеше жүріп, «Отан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істейді, өлеңдерін жариялайды.
Молдағалиев майдан газетінде жұмыс істеп жүргенде орыстың белгілі ақын-жазушыларымен әрі журналистерімен танысады. Олардың ішінде Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик, Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев бар. Бұған қоса, ол «Отан үшін» (кейін «Майдан ақиқаты») газетінің редакциясында қаламгер ақын Сағынғали Сейітов, журналист Ахмет Елшібековпен қызметтес болады.
«Соғыс соңында қазақтың қуатты ақындарының бірі Қалижан Бекхожинмен кездесіп, бірнеше қуанышты күнді бірге өткіздік», — дейді Молдағалиев өз естелігінде.
Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі – өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. 1942-45 жылдары жазылған «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Шығыста туған елім бар», «Жеңімпаздар сәлемі» атты өлеңдерден осы жағдайды аңғарамыз.
Кейін Жұбан Молдағалиев «Қызыл галстук» (1949), «Нұрлы жол» (1951), «Бастаушымыз партия» (1954), «Жыр туралы жыр» (1957), «Заман тынысы» (1960), «Жесір тағдыры» (1962), «Ғашық көзбен» (1964), «Мен қазақпын» (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.
Соғыстан кейінгі жылдары Жұбан Молдағалиевтің қаламгер ретіндегі әдеби ұйымдастырушылық қабылеті кеңінен ашылады: 1948-1952 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары болды. 1952 -1954 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі, 1957-1963 жылдары – «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1963- 1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ал 1973 жылдан -1984 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қазметтерін, осы кезде (1973 -1984 ж.ж ) СССР Жазушылар одағының хатшысы қызметін де қоса атқарады.
Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды.
Ол екі рет «Еңбек Қызыл ту» және 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Жұбан Молдағалиевтың ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығарма – «Мен қазақпын» поэмасы (1964). Ақын бұл шығармасында қазақ халқының өткен өмірі мен тағдырын лирикалық-публицистикалық стильде терең толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, ерлік дәстүрі, туған жер мен елі, байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.
Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы сарқылмайтын өміршең туынды, Жұбан Молдағалиевтің сөзіне және Ілия Жақановтың әніне жазылған, бүгінде дарынды дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың орындауындағы «Еділ мен Жайық» әні халықтың сүйікті әніне айналды, әсем ән сазының астарында ақынның туған еліне, жеріне шексіз махаббаты сезіледі. Ақынның азаматтық ұстанымдары публицистикалық сипатта келіп, адамға қажет ой толғаныстарға, қасиет құндылықтарға толы.
Ақын өмірі мен шығармашылығы лайықты тарихи бағасын алды, Орал қаласында ақын ескерткіші тұр, жерлестерінің, халықтың ақынға деген махаббаты мен сүйіспеншілігінің белгісі.
Жұбан Молдағалиевтың орыс тілінде және тағы басқа халықтар тілінде басылған шығармаларын қоса есептегенде 70-ке тарта кітабы шыққан.
1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы қазақ жастары көтеріліске шықты. Қазақстан тарихына бұл оқиға «Желтоқсан көтерілісі» болып енді.
Көтерілістің басталуына Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы түрткі болды.
Осы қиын кезеңде Жұбан Молдағалиев Колбиннің алдында қыршыннан қиылған жастарды қорғап, өз ойын ашық айтты.
Жетпіс жыл салтанат құрып, әлемде ұлы империяға айналып үлгерген Советтер одағы күйреп, қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігін көру Жұбан ақынның тағдырына жазылмады, ақын 1988 жылғы 6 қазанда Алматы қаласы ауруханасында өмірден өтеді.
Жұбан Молдағалиев ғасыр қасыретін: ашаршылық, жоқшылық пен жетімдік көрген, дүниежүзілік сұрапыл соғысты басынан кешірген майдангер – қаламгер, советтік тоталитарлық жүйенің езгісінде өмір сүріп адамшылық қасиетін, кісілік тұлғасын сақтап қалған азамат ақын.
Жұбан Молдағалиевте елін, жерін, қазақты жырлап өткен жырау ақын: «Мен қазақпын», «Жесір тағдыры», «Кісен ашқан», «Қиял қанаты» «Жыр туралы жыр», «Қыран дала», «Сел», «Байқоңыр баспалдақтары» және тағы басқа поэмалары ақынның эпикалық – поэтикалық деңгейінің, философиялық тереңдігінің көрінісі.
Жұбан Молдағалиев туралы жақсы көп айтылды, әлі де айтылады, оның нар тұлғасы, қазақы кеңдігі, адамшылығы мен кісілік келбеті және адал, асыл қасиеттері туралы ғылыми зерттеулерде, оның өмірі мен өлеңдері туралы еңбектерде талай әлі жазылады, біреулер күйе жағам десе де адалға қара жұқпайды, ол маңызды да емес. Маңыздысы Жұбан ақын қазір биіктен ескертіп, қуатты жалын шашып тұрғандай…