
Әлімжанов Әнуар — 1930 жылы 12 мамырда бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқанд ауданындағы Қарлығаш ауылында туған. Алдымен шешеден, 1941 жылы әкеден жетім қалған ол интернатта, балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алған. Жазушы 1993 жылы өмірден өтті.
1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Жазушы өзінің журналистік қызметін облыстық «АлмаАтинская правда» газетінен бастаған.
1955 жылы наурыз айынан бастап «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, кейінірек «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақфильм» студиясының Бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Шығармаларын орыс тілінде жазады. Оның алғашқы әңгімелері, очерктері, публицистикалық мақалалары 1952 жылы жариялана бастады. Әнуар Әлімжановтың тақырыбы алуан салалы: қазақ халқының өткен дәуірдегі мүшкіл халі, бүгінгі гүлденген Қазақстан, социализмнің белсенді құрылысшылары, жаңа совет адамдары, халықтар достығы, Азия, Африка елдерінің ұлт азаттығы жолындағы жан қиярлық күресі т.б. Әнуар Әлімжановтың тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының идеялық мазмұны бүгінгі күннің талап-тілегімен үндес. Оның романдары, повестері, әңгімелері, очерктері әртүрлі тақырыпта және әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Жазушы өткенге де, бүгінге де тоқталады.
Жазушы Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Президиумының, Африка халықтарымен достықтың Ассоциациясы Басқармасының мүшесі, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болды.
Қаламгер Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет Белгісі», Қазақстанның Халық жазушысы, «Халықтар Достығы» ордендерімен марапатталған.
Әнуар Әлімжанов қазақ қоғамында Фарабитану ісіне де мол арна ашты. Сол кезде Ағжан Машанов, Ауданбек Көбесов сияқты шығысты зерттеуші қазақ ғалымдарының ұлы жерлесіміз әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми еңбектері туралы зерттеулерінің жарыққа шығып қана қоймай, ел арасында, әсіресе көршілес елдерде, бүкіл Кеңес Одағында насихатталып, тарихи деректердің «кіндігі» қазақ топырағына «байлаулы» екендігін дәлелдеуге ықпал етті.
Ізденімпаз, танымпаз ағамыздың шығармалары ұлттық тарихымызбен, ұлттық мәдени, рухани өсуімізбен астасып жатыр. Олардың көпшілігі нақты тарихи дереккөздерге сүйенген, сондықтан да қоғамдық маңыздылығы басым.
Ә дегеннен орыс тілінде жазатын журналист, жазушы болып танылған Әнуар Әлімжановты орыс әдебиетінің, мәдениетінің көрнекті өкілдері бірден жоғары бағалады, публицистігін, қаламгерлігін мойындады, құрметтеді. Олар оның шығармашылық көшбасшылығын атап айтатын.
Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағының бірінші хатшылығы қызметінен кейін едәуір уақыт бос, еркін шығармашылық кеңістігінде жүрді. Сол кезде орыс журналистерінің көбінің оны «Казахстанская правда» газетінің бас редакторлығында көргісі келетіндіктерін айтқаны есімде. Кейбіреулер орыс тіліндегі әдеби журнал «Просторға» бас редактор болса деген пікірлерін де білдірді, бірақ Әнекеңе олай қарай да жол түспеді.
80-ші жылдардың екінші жартысында қоғамды демократияландыру, жариялылықты өрістету, партияның қасаң қалыптарына жаңа әлеуметтік мазмұн беру тұсында Әнуар Тұрлыбекұлының да жаңа саяси-қоғамдық қайраткерлік белесі басталды. Ол қоғамымызда кенже қалған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, жандандыруға білек сыбана кірісіп, білімділігін, біліктілігін көрсете атсалысты. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге мемлекеттік мән беру қажеттігін уағыздауға арымай, талмай қатынасты. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің құзырына Қазақстан депутаттарының делегациясын басқарып барып, ұлтының мүддесін қорғауға басшылық етті.
Одақтың Жоғарғы Кеңесінің соңғы мәжілісін Республика кеңесінің төрағасы болып сайланған Әнуар Әлімжанов бастан-аяқ жүргізді. Көп ұзамай Кеңес Одағының ыдырағаны туралы қаулыға қол қойды.
Тәуелсіз мемлекет болып жарияланып, жас мемлекетімізде жаңа азаматтық қоғам құру ісіне Әнекең жаңа шабыт, жаңа жігермен араласып еді. Ол сол алғашқы жылдары тынымсыз еңбек етті. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыруда біліктілік көрсетіп, «Таң» теледидарын ұйымдастыруға себепші болды. Азаматтық, демократиялық қозғалыстарды қоғамның белсенді күшіне айналдыруға айтарлықтай еңбек сіңірді. БАҚ-та, әртүрлі қоғамдық мінбелерден сөйлеген сөздері көпшіліктің жүрегіне жетіп жатты.
Әнуар ойын қазақша мүдірмей-кідірмей айта алатын. Бірақ қазақ тілінде баяндама жасағанын немесе жиналыс-жиындардың бірінде қазақша көсіле сөйлегенін көрген емеспін. Қазақша жазған мақалаларын да оқығаным жоқ. Оның тұстасы Шыңғыс Айтматов шығармаларын әуелі ана тілінде жазып, артынан орысшаға аударса, немесе, кейбір туындыларын орысшаға өзі аударса, Әлімжанов еңбектері бірден орыс тілінде туатын. Оны қазақшаға өзгелер аударатын.
Тірі кезінде кісінің бағасы білінбейді. Өлгенде ғана оның орны үңірейіп қалады. Қадір қасиеті артынан білінеді. Білінеді де, өкініш өзегіңді өртейді. Онымен тірі кезінде кездескен сәттеріңе мән бермегеніңе өкінесің.
Әнуар өмірден өткенде де осылай болды. Газеттерде жарияланған қазанамаларда оның алпыс төрт жасқа дейін жазған кітаптары, атқарған қызметтері аталды. Сегіз роман мен повесть шығарып, бес әңгімелер мен очерктер жинағын жариялапты».
Қазақ әдебиетінің көрнектісі Әнуар Әлімжановтың “Отырардан жеткен сый”, “Көгілдір таулар”, “Қарасұңқар көпірі”, “Құрманғазының балалық шағы”, сияқты хикаяттары, әсіресе, миллиондаған кітап оқырманының жүрегін иелеген. Кезең әдебиетінің ең жақсы шығармалары қатарында тұрған Әнуар ағаның дерлік барлық шығармасы өз кезінде тәжік тіліне де аударылған.
Әнуар ағаның 1960 жылы Алматыда басылған “Мәңгілік тамырлар” 1963 жылы “Решахои жовид” атымен Душанбеде басылды. 1963 жылы оның ең ірі шығармаларының бірі “Күнге бет алған керуені” жарыққа шықты. 1964 жылы Душанбенің “Ирфон” баспасы бұл қиссаны да тәжік оқырмандарының назарына ұсынды. Аталған шығарма автордың Қазақстан жастары марапатын алуға себеп болды. “Көгілдір таулар” әңгімесі Әнуар ағаның тағы да биікке самғауы еді — аталған еңбегі үшін ол Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы лауреаты болды.
“Отырардан жеткен сый” шығармасын жазып, атақты жазушы әлем кезді, десек жаңылыспаған боламыз. Ол бұл шығарма үшін Халықаралық Неру сыйлығына лайықты деп табылды. Соңын ала “Лотос” Халықаралық марапаты да қазақтың дарынды жазушысына несіп еткен.
1970 жылы басылған тәжік тіліндегі “Утрар армуғони” Әнуар ағаның тәжік оқырманына тағы бір тамаша сыйы болды. Сол жылы Алматыда атақты жазушының “Жамшид айнасы” деген шығармасы баспадан шықты. Ол тәжік қаламгерлеріне былай деді: “Жәмшид айнасы” шығармасын жазар екен, парсы-тәжік әдебиеті ғұламаларынан медет тіледім. Олардың рухы қолдап-қуаттаған сияқты, шығармам ойымдағыдай жарыққа шықты, менің ойымша”.
“Махамбеттің найзасы” — тарихи туынды. Романды оқыған оқырман қазақ тарихымен қатар аймақта, сондай-ақ Азия мен Африкада өмір сүріп жатқан түрлі халықтардың тарихымен, бастан өткен ауыр сәттерімен, бостандық жолындағы күресімен де белгілі дәрежеде танысады. Тәжік оқырманы бұл ғажайып романды да өз уақытында әрі өз ана тілінде оқып, қазақ жазушысының шеберлігін мойындады, олардың қайғы-дертіне серік болды.
Атақты жазушы, публицист және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Әнуар Әлімжанов 63 жасында қайтыс болған.