
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Түркістан облысындағы ақпараттық-түсіндіру жиындары бүгін Түлкібас ауданында жалғасты. Конституциялық реформалар жөніндегі қоғамдық кездесулерге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев, Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, коалицияның жергілікті өкілдері – Түлкібас аудандық мәслихатының төрағасы Серғали Сарсенбаев, партияның аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов, ел жанашыры Асланбек Нұранов, аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Коалиция өкілдерінің жаңа Конституция нормаларын аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстары өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Түлкібас инновациялық кешені» ЖШС-нің өндіріс алаңында жұмысшыларымен бейресми кездесуінен басталды. Компания өңірдегі құрылыс индустриясына үлес қосып жатқан жаңа буын өндірісі орындарының бірі саналады. Мұндағы еңбек ұжымының отандық экономиканың дамуына қосып жатқан ауқымды үлесі бар.
Кездесу барысында Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен басымдықтары кеңінен сөз болды. Әсіресе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктер, еңбек адамының мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы жөніндегі нормаларға ерекше назар аударылды. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға, қауіпсіз еңбек жағдайларына, тынығу және жұмыс уақытының ұзақтығына Конституция бекіткен құқықтық нормалар жан-жақты түсіндірілді.
«Референдум – халықтың еркін таңдауын білдіретін шешуші саяси механизм. Жаңа Конституция азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара міндеттемелерді нақтылайтын, қоғам дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат. Жаңа Ата заңның кіріспесінде алғаш рет білім, ғылым және инновацияны дамыту міндеттемелері бекітілді. Бұл құндылықтар еліміздің ұзақмерзімді стратегиялық даму бағытын белгілейтін болады», — деді Сенат депутаты Әли Әбдікәрімұлы.
Конституция бекітетін құқықтық нормалар мемлекеттік биліктің теңгерімді болуын қамту, адами капиталды дамыту, цифрлық экономикаға көшу, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселеллері бойынша Сенат депутаты Мұрат Қадырбек қысқаша айтып өтті.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде конституциялық бастамаларға қатысты азаматтық ұстанымдар білдіріліп, Ата заң жобасында ұсынылған құқықтық нормалардың қоғам үшін өзектілігі атап көрсетілді.
«- Жаңа Конституцияда мемлекет тұтастығы мен қоғам бірлігі ең басты құндылықтар ретінде айқын бекітілді. Негізгі Заңда адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріліп, азаматтардың құқықтары конституциялық деңгейде қорғалатыны нақты көрсетілген. Жалпы, азаматтарға тиесілі негізгі құқықтар, олардың бостандықтары мен міндеттері Конституцияның екінші бөлімінде жүйеленіп, барлығы 30 бапта қамтылған», — деді өз сөзінде Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.
♻️Елдің тұрақты дамуы, азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеттері, бүгінгі уақыт сұраныстарына жауап беретін сенімді құқықтық құжатты қабылдаудың маңыздылығы туралы қоғам белсендісі Асланбек Нұранов, коалицияның аудандық жетекшісі Ержан Жүнісов айтты.
Коалиция мүшелерінің конституциялық реформалар жөніндегі түсіндіру жұмыстары одан әрі «Sas-tobe Trade» ЖШС-нің өндіріс алаңында жалғасып, зауыт жұмысшыларымен бейресми кездесуі өтті. Еркін пікір алмасулар барысында Конституцияның жекелеген баптарында қамтылған құқықтық нормалар талқыланды. Қатысушылар Ата Заңның 3-бабында мемлекет қызметінің негізін құрайтын қағидаттар белгіленгеніне назар аударып, бұл – ел дамуының ұзақмерзімді бағытын айқындайтын маңызды ұстанымдар екенін жеткізді.
«- Конституцияның 5-бабында азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтетін маңызды норма бекітілген: азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Бұдан бөлек, Конституцияның 8-бабында азаматтардың меншік құқығына кепілдік беріліп, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты көрсетілген. Осылайша, Жаңа Конституция мемлекет тұтастығын нығайта отырып, азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етеді және ұлттық байлықтың халық игілігіне қызмет етуін конституциялық деңгейде бекітіп отыр», — деп атап өтті Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.
🔹Конституция кепілдік беретін тұрақтылық пен заң үстемдігі өндірістік процестердің үздіксіздігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні туралы және Ата заңның еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге ықпалы жөнінде Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Қадырбек пен Алишер Сатвалдиев ақпарат берді. Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев референдум мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерістеріне азаматтардың қатысуына жол ашқан демократиялық процесс екенініне назар аударды. Кездесулерде коалиция мүшелері жұмысшылар қойған сауалдарға жауап беріп, пікір алмасты.
Жалпыұлттық коалиция алдағы референдумды еліміздің болашағына серпін беретін осы құндылықтарды саналы таңдауға мүмкіндік беретін тарихи сәт деп байыптап, азаматтарды ортақ іске күш біріктіріп, Конституциядағы білім мен еңбекке, әділдік пен тәртіпке сүйеніп, Қазақстанды қуатты, өркендеген, әділетті және жасампаз елге айналдыруға шақырады.
#референдум
#референдум2026
#жаңаКонституция
#новаяКонституция
#АтаЗаң
#15наурыз
