Былтырғы жылы шаруасы шалқыған, шағаласы шарқ ұрған, шежірелі Шардара өлкесінің құрылғанына 60 жыл толды. 60 жыл – 60 белес!

«Біздің ортақ үйіміз, ортақ мекеніміз – Шардара ауданының құрылғанына 2024 жылы 60 жыл толды. Былтырғы жылы елімізде су тасқыны орын алып, алыстағы ағайынның басына күн туғаны белгілі. Осы жағдайларды ескере отырып, елдің бір шеті қиналып жатқанда біз мәз-мейрам болып той тойламайық, тойды келесі жылға қалдырайық деп шешкенбіз. Ертеңгі күні күллі мұсылман қауымы үшін Жаңа жыл, жыл басы деп саналатын Наурыз мерекесін өткерген соң сәуір айының ішінде ауданымыздың 60 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтеміз», – дейді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Сонымен аудан әкімінің тікелей ұйытқы болуымен алдағы уақытта ауданымыздың мерейлі мерекесін атап өтетін болдық. Осынау мереке қарсаңында арнайы жоспар құрылып, бағдарлама түзілуде. Апта барысында бағдарлама бойынша мерекелік іс-шаралар топтамасы бастау алды. Мерекеге арналған іс-шаралар қатарында «Алтын қорға үлес қос» акциясын қолдау мақсатында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясы жарияланған болатын. Сәрсенбі күні аудандық мәдениет үйінде Шардара ауданының 60 жылдығына орай, «60 жылдыққа – 60 кітап» атты кітап сыйлау акциясы өтті.

Шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, акция аясында алтын қорға сыйға әкелген кітаптарын тапсырды.

«Шағаласы шалқыған шежірелі өлкеміздің құрылғанына 60 жыл толуына орай, ауданмен бірге құрылған аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен, аудан тұрғындарының рухани дамуына үлесімді қосу мақсатында «Алтын қорға үлес қос» жобасының аясында «60 жылдыққа – 60 кітап» акциясын бастадым. Өткен 2024 жылы аудандық кітапхананың кітап қорына 1500-ге жуық кітап берілген болса, осы игі бастама жалғасын тауып, жыл соңына дейін кітап-қазынамыз молаяды деген сенімдемін. Кітап – адамды тәрбиелесе, кітапхана – адамзатты тәрбиелейді. Биылғы жоспарлап отырған ауданымыздың 60 жылдық мерейтойы баршаңызға құтты болсын!» – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, шараға аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Қыстау Ілесов қатысып, кітапхана қорына 410 кітабын сыйға тартты. Еңбек ардагерлері – Т.Бектасов, «Алтын алқа» иегері Ж.Ізбайқызы, ардагер ұстаз, ақын Н.Ыбырайым, аудандық ішкі саясат бөлімінің теологы А.Данияров, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы С.Лахановтар сөз алып, кітаптар тарту етті. Акцияға әкімдік қызметшілері, ақын, жазушы және көптеген кітапсүйер қауым жиналып, қорға 1000-ға жуық кітап өткізді.

Аталған акция осы күні бүкіл ауылдық округтердегі кітапханаларда бір мезетте ұйымдастырылып, жыл бойына жалғастыру көзделген.

Мерекелік іс-шараның руханиятымызды көтеретін шарадан бастау алғаны көңіл қуантады.