
Биыл Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен бірліктің нығаюында ерекше орын алатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл.
Түркістандағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ жанынан құрылған «Бауырлас-подкаст» студиясы ашылды.
Тұсаукесер хабарға елімізге белгілі этнограф-тарихшы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Жамбыл Артықбаев, қазақ журналистикасының ардагері, ХҚТУ-дың профессоры, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева сұхбат беріп, игі бастамаға сәттілік тіледі.
Сұхбат барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өңірде өткізілетін іс-шараларға дайындық барысы және этносаралық келісім мен татулықты сақтау бағытында келелі ойлар айтылып, мазмұнды әңгіме өрбіді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде, Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өткен болатын. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
– Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірлік пен ынтымақ мемлекет саясатының түпкі мақсаты.
Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбектің айтуынша, «Бауырлас-подкаст» студиясы өңірдегі рухани жаһандану, қоғамдағы этносаралық бірлік пен келісімді сақтау және жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді. Бұл тек медиа саласын ғана емес, жалпы өңірдің руханиятын байытуға, ел бірлігін нығайтуға өз үлесін қосады.
Студия арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және насихаттау, этностар арасындағы достық пен еңбек адамдары туралы танымдық хабарлар, эксклюзивті сұхбаттар, ақпараттық материалдар әзірлеу көзделген.
Мұнда киіз үй пішінінде локация дайындалған және жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен толықтай қамтылған.