Түркістан қаласында жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «Күлтөбе Cup» республикалық зияткерлік сайысы өтті.

Сайыстың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен тарихын дәріптеу, жастар арасында ораторлық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық таным мен құқықтық сауаттылықты дамыту. Сондай-ақ қоғамдағы қоғамдағы маңызды мәселелер аясында жастардың өз көзқарастары арқылы шешім қабылдап, құқықтық сауаттылықты жан-жақты мониторрингтік зерттеулер жүргізе отырып интеллектуалды ойын арқылы толығырақ насихаттау.

Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, зияткерлік сайыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тарихи маңызы зор мекенде осындай білім додасының өтуі – заңды құбылыс.

– «Күлтөбе CUP» интеллектуалды сайысы өз мәресіне жетіп отыр. Ең алдымен, осы ауқымды додаға қатысып, білім мен даналықтың биік үлгісін көрсеткен барша командаға шынайы алғысымды білдіреміз. Сіздер бүгін зияткерлік әлеуетті ғана емес, бірлік пен ұйымшылдықты, жауапкершілік пен мәдениетті де көрсете білдіңіздер. Бұған дейін облысымызда еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам команда қатысып, 2500-ге жуық жас бас қосқан «Фараби» білімділер сайысы өткен болатын. Сол доданың жалғасы ретінде бүгінгі сайыс та жоғары деңгейде өтті деп сенім артамын, – деген облыс әкімінің орынбасары сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды. Жалпы кезең нәтижесінде 10 команда келесі айналымға жолдама алды. Орта кезең қорытындысымен 5 команда финалға өтті. Шешуші кезеңде үздік командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Әділ-қазылар алқасының шешімімен І, ІІ, ІІІ орын иеленген командалар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, «Күлтөбе CUP» сайысы өткен жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, оған өңірдің барлық қала-аудандарынан 20-дан астам команда қатысқан болатын. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен интелектуалды сайыстар көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Аталған зияткерлік сайыс жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға да үлкен мүмкіндік береді. Қатысушылар түрлі тақырыптарды қамтыған сұрақтар арқылы өз білімдерін сынап, жаңа мәліметтермен танысуға жол ашты. Мұндай форматтағы жарыстар жастарды үздіксіз ізденуге және өзін-өзі дамытуға ынталандырады.

Сонымен қатар, сайыс барысында қатысушылар арасында тәжірибе алмасу мен достық қарым-қатынас нығая түсті. Әртүрлі өңірден келген жастар бір алаңда бас қосып, ортақ идеялар мен көзқарастарын бөлісті. Бұл өз кезегінде ел жастарының бірлігін арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтуге ықпал етеді. Алдағы уақытта осындай интеллектуалды жобалар аясын кеңейтіп, қатысушылар санын арттыру жоспарлануда. Бұл жастар саясатын дамытуға, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде өз жалғасын таба береді.