
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өңірдің зиялы қауым өкілдері Өзбекстанға әдеби сапармен барды. Делегация мүшелері Жызақ қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Шараф Рашидовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Одан кейін қос елдің зиялы қауым өкілдері Жызақ қаласындағы Шараф Рашидов атындағы өңірлік кітапханада «Кітап оқу – ұлттар арасындағы рухани көпір» атты халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара барысында Жызақ облыстық ақпараттық-кітапхана орталығы мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы арасында ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар ұйымдастыру және мәдени байланыстарды кеңейтуге жол ашпақ.
Өз кезегінде өзбекстандық зиялы қауым өкілдері рухани ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Соның дәлелі ретінде Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті әрі негізін қалаушы Абдулла Ахматұлы мен аталған академияның академигі Абдуманноп Абдулазизұлы кітапхана қорына сирек кездесетін «Кавказ и Средняя Азия» фотосуреттер альбомы мен 1908 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Бокироний китоби» атты көне кітаптарды сыйға тартты. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы да Жызақтағы әріптестеріне 150-ге жуық көркем әдеби кітап тарту етті.
Сапар барысында түркістандық зиялылар мен өзбек әріптестері арасындағы пікір алмасу сессиялары да өткізілді. Қатысушылар өзбек және қазақ әдебиетінің дамуы, жас жазушыларды қолдау жолдары, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау мәселелері жөнінде ой бөлісті. Бұл кездесу екі елдің әдеби қауымдары арасында тұрақты диалог орнатуға септігін тигізетінін атап өтті.
Сонымен қатар, делегация мүшелері Жызақ қаласының көрікті жерлерін аралап, жергілікті мәдениет пен дәстүрлермен танысты. Мұражайлар мен тарихи орындарға экскурсиялар өткізу барысында қазақ зиялылары Өзбекстанның бай мәдени мұрасын бағалап, өз тәжірибелерін бөлісті. Бұл сапар екі елдің мәдени байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосты. Аталған іс-шаралардың қорытындысында екі тарап бірлескен шығармашылық жобаларды дамытуға уағдаласты. Алдағы уақытта әдеби фестивальдер, кітап көрмелері және оқырмандарға арналған онлайн платформалар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар тек әдебиетті ғана емес, сонымен бірге жастар арасында мәдени достықты қалыптастыруға да бағытталған.
