
Бүгін Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жүйнек ауылдық округінің мәдениет үйінде жерлесіміз, арқалы ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіғаппар Жақыповтың мерейлі 60 жасқа толуына орай, «Туған жер, бір көзі өзің шабытымның» атты шығармашылық кеші өтті.
Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары Баймахан Сүлейменов, Талғат Садуов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысы бойынша төрағасы, ақын, журналист Айдар Сейдәзім тағы да басқа қонақтар қатысты. Кеште аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев жергілікті ақын Әбдіғаппар Жақыповтың мерейлі 60 жасқа толуымен құттықтап, аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.
Ақынның жақында баспадан «Жүрегімнің дүрсілі» атты кітабы шыққан болатын. Бұл жинақта ақынның соңғы жылдары жазылған өлеңдерімен қатар, алдыңғы шыққан кітаптарынан да біршама өлеңдері таңдалып алынған. Кітапта ақынның көлемді шығармалары, поэмалары мен балладаларына, толғауларына көптеп орын берілген. Бүгінгі шығармашылық кездесуде ақын Әбдіғаппар Жақыповтың өлеңдері оқылып, мәдениет үйінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.