Қазақстан Халқы тілдері күні 5-қыркүйекте тойланатын болды. Тіл мерекесінің 5-қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр.
«Тіл — кез-келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы. Тілсіз өмір сүру мүмкін емес. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» деген ойдың астарында терең мағына жатыр. Расымен халқымыздың, дініміз бен діліміздің негізгі түп қазығы, ол — біздің ана тіліміз. Тіліміз бен ұлтымыздың жойылмауы жолында қаншама жанның құрбан болғанын ескерсек, ана тіліміз бен ата дәстүрімізге салғырт қарауға ешбіріміздің құқығымыз жоқ екенін анғарамыз. Ана тіліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз ерекше.
Тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында Бәйдібек ауданы мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімі «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» ұйымдастыруымен Орталық кітапханада «Мемлекеттік тіл — Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті.
Шараға Қазақстанның құрметті журналисі, ауданның «Құрметті азаматы» Серікбай Тұржан, Шаян ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Дүйсенбеков, аудандық әйелдер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нағима Қырықбаева және жас мамандар қатысты.
Ауданымызда қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосып жүрген тіл жаншырлары Серікбай Тұржан мен газет редакторы Ерлан Әділбек және Жазира Демеуова аудандық мәслихаттың «Алғыс хатымен», сондай-ақ, Эльмира Жамашова, Гүлвира Қалымбет, Жансая Отыншиева сынды орталық қызметкерлері мәдениет бөлімінің «Алғыс хатымен», студенттер мен оқушылар орталықтың «Алғыс хатымен» марапатталып, оларға осындай сый-құрмет көрсетілді.
Әзира АДАСБЕКОВА,
«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-інің директоры.