Кентау қаласында Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында «Заң мен Тәртіп» идеологиясын жасөспірімдер арасында насихаттау және құқықбұзушылық профилактикасы тақырыбында кең көлемді жиын өтті.

Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, теріс әрекеттердің алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру болды.

Кездесуді халықтық атағы бар «Шапалақ» театрының әзірлеген «Ғаламтордағы алаяқтық» атты тәрбиелік мәні зор көрінісі ашып берді. Бұл қойылым жастарға әлеуметтік желі мен интернет кеңістігін пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін көркем түрде жеткізді.

Жиында алғашқы сөзді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов алып, жастарды елдің болашағы, қоғамның тірегі деп атап өтті.

«Заңға бағыну – әр азаматтың міндеті. Әсіресе, жастардың саналы, жауапты, тәртіпті болуы – мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі. Сондықтан әрбір жас өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, теріс жолдан бойын аулақ ұстауы керек», – деді қала басшысы.

Келелі жиын барысында Кентау қаласының прокуроры Назарбай Ибраймолдаев жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттырудың маңыздылығына тоқталып, заң бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігі туралы түсіндірме берді.

Ал қалалық полиция бөлімінің бастығы Еркеғали Мейірбеков қазіргі таңда қоғамда жиі кездесетін интернет алаяқтық, киберқылмыс және оның алдын алу жолдары жөнінде кеңінен баяндама жасады.

Сонымен қатар, жиын барысында жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа бару себептері мен оның зардаптары туралы бейнероликтер көрсетілді.

Кездесуге қала жастары, мектеп оқушылары, колледж студенттері, ұстаздар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.