Бүгін Ордабасы ауданының әкімдігі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб пен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бірлескен мәжілісі өтті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары, штаб пен комиссия төрағасы Илияс Тұрнияз ашып, жүргізді.

Бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Д. Жүрсінбаев баяндама жасап, есірткі заттарын жарнамалайтын граффити жазбаларын анықтау және оларды жою мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, ол құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша алдағы жоспарларды баяндады.

Келесі кезекте «Жастар орталығы» КММ-нің директоры Әсел Баймаханова жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Мәжілісте сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Бұл бағытта аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева және полиция өкілі Д. Жүрсінбаев балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларды баяндады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз есірткі қылмысына қарсы күрес пен балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Ол тұрғындармен және білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, алдын алу іс-шараларын жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, жиында білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру, мектеп психологтарының рөлін күшейту және ата-аналармен тығыз байланыс орнату мәселелері де назарға алынды. Қатысушылар тарапынан кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ұсыныстар айтылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жиналған мәліметтер мен ұсыныстар негізінде аудандық штаб пен комиссия тарапынан бақылау күшейтіліп, мектептер мен қоғамдық орындарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сонымен бірге, нашақорлықпен күресте барлық сала мамандарының бірлескен әрекет етуінің маңыздылығы айтылып, ведомствоаралық үйлесімділікке баса назар аудару қажеттігі ерекше атап өтілді.