
Бүгін Созақ ауданындағы С.Қожанов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде Созақ өңірінің ақпарат айнасына айналған аудандық «Созақ үні» газетінің 95 жылдық торқалы тойы кең көлемде аталып өтті.
Өлке баспасөзінің қара шаңырағы саналатын басылымның тарихы сонау ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Қиын-қыстау кезеңде елдің тұрмыс-тіршілігін, саяси-әлеуметтік жаңалықтарын халыққа жеткізуді мақсат еткен аудандық газет уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінде өңірдің рухани өмірінде өзіндік орны бар ақпарат құралына айналды.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұзақ жылдар бойы басылымның дамуына үлес қосқан қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мыңжасар Асқаров, ардагер журналист Қасымжан Өмірұлы басылым ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында «Созақ үні» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы Мақсат Қарғабай газет тарихына арналған мазмұнды баяндама жасады.
Мерекенің ажарын аймақтың өнерпаздары орындаған «Теріскей», «Созағым» әндері мен күмбірлеген күйлер түрлендіріп, салтанат сәнін арттырды.
Сондай-ақ, басылымның байырғы тілшілері, ардагер журналистер мен еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Салтанатты кеш барысында музей қабырғасынан аудандық газеттің тарихы мен жетістіктеріне негізделген экспозициялық бұрыш ашылды.
«Созақ үні» – Теріскей елінің үнін, аймағымыздың тыныс-тіршілігін айқын бейнелейтін рухани айна, ел шежіресінің шынайы жылнамасы.
Созақ аудандық «Созақ үні» газетінің 95 жылдық мерейтойы өлкеміз үшін үлкен мәнге ие оқиға болып табылады. Газет тарихы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады, қиын кезеңдерде елдің ахуалын, әлеуметтік және саяси жаңалықтарын халыққа жеткізу мақсатында еңбек еткен басылым уақыт өте келе өңірдің рухани тірегі, ақпарат айнасына айналды. Ауданның мәдениеті мен тарихын, күнделікті өмірін жарқын бейнелеп, әрдайым өз оқырмандарының сұранысына сай жаңалықтарды ұсынды.
Мерекелік шарада газет ұжымын құттықтауға көптеген құрметті қонақтар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, ардагер журналистер мен белгілі қаламгерлер басылымға деген құрметтерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, музейде газеттің тарихын арқау еткен экспозициялық бұрыш ашылып, газеттің бай мұрасы мен жетістіктері көрермен назарына ұсынылды.
Газеттің тарихы тек кәсіби ұжымның ғана емес, сонымен қатар аудан халқының да мәдени мұрасына айналды. Баспасөздің қара шаңырағы – «Созақ үні» газеті, Теріскей елінің шежіресі мен өңір тынысын айқындап, алдағы уақытта да қазақ баспасөзінің еңсесін биіктете бермек.
