
Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жүзеге асып жатқан бірқатар әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылауына алды. Сапар барысында сала мамандарына атқарылып жатқан істердің сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Алдымен жаңадан бой көтеріп жатқан 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылыс алаңында болды. Онда мердігер мекеме өкілдері, «Созақ спорт клубы» мен аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары, сондай-ақ жаттықтырушылар және салалық бөлім басшылары болды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы жүзу бассейні, футбол, бокс және күрес залдарын жеке-жеке аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Сондай-ақ жаттықтырушыларға спорт жабдықтарының дұрыс орналасуы мен қауіпсіздігіне, балаларға қолайлылығы мен тиімділігіне осы сәттен мән беру керектігін айтты. Жабдықтардың талапқа сай әрі сапалы орнатылуын қадағалауды тапсырды.
Бұдан соң аудан басшысы Жеткіншек мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың қолдауымен салынып жатқан 2 қабатты 3 тұрғын үй мен екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Нысандарда түсқағаз жапсыру, әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетсек, биылғы жылы ауданда 2 қабатты 3 тұрғын үйдің (әрқайсысында 8 пәтерден, барлығы 24 пәтер) және екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, демеушілердің қолдауымен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл үйлерде 16 пәтер орналастырылады. Осылайша, қазіргі таңда аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлердің жалпы саны 92 пәтерді құрап отыр.
