
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында 4 ауқымды мәселе талқыланды.
Көші-қон саласындағы жұмыстардың профилактикасы туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Айтпаев, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев және Ордабасы ауданының әкімі А.Оралбаев баяндама жасады. Өңірде шетелдіктердің жүріп-тұруы, заң талаптарын сақтауы бақылауға алынған. Жыл басынан бастап көші — қон заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 11362 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде елде болу тәртібін бұзған шетелдіктер (ҚР ӘҚБтК 517-бабы) – 3723. Тұрақты негізде облыс көлемінде «Мигрант», «Заңсыз келуші», «Құқық тәртібі» және өзге де жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Полиция департаментімен шетелдіктерге көмек көрсететін және заңсыз көші-қонды ұйымдастыратын делдардар бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жол-көлік оқиғаларының профилактикасы, оның ішінде адам өліміне алып келген оқиғалардың алдын-алу мәселесі де талқыланды. Бұл бойынша жауапты департамент пен басқарма басшылары есеп берді. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының саны өскен. Жолдардағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Полиция департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, кешенді шаралар қабылдауда. Күн сайын жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 290 патрульдік полиция қызметкері жұмылдырылады. Олыста апат жиі кездесетін орындарға жылдың аяғына дейін қосымша 100 кешенді орнату бойынша монтаж жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ 2 жылжымалы кешен сатып алынған. Бақылау күшейтіліп қана қоймай, ақпараттық жұмыстар жүргізілген. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыс көлемінде 2575 білім беру ұйымының алдында жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылуда. 524 жүргізуші жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды. Мас халде көлік жүргізген 605 жүргізуші анықталып, олар сот органдарымен әкімшілік қамауға алынып, көлік жүргізу құқықтары шектелді. Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17692 шақырымды құрайды. Басқарма тарапынан облыстық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын учаскелер тұрақты зерделеніп, қажеттілікке байланысты және тұрғындар мен көлік жүргізушілердің сұраныстарын негізге алып, тиісті орындарға бейнекамералар орнатылуда. 2025 жылы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 288 нысан н/е 1 241,5 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 233 нысан н/е 951,4 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделуде.
– Облыс аумағындағы республикалық, облыстық, аудандық автомобиль жолдарының бойындағы жол белгілері мен жарнама тақтайшаларын ретке келтіруді, жол жүру мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Жүргізушілерді оқытатын автомектептердің жұмысына талдау жасап, кемшіліктер анықталған жағдайда лицензияларынан айыру мәселесін қарастырған жөн. Республикалық автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар пайдалану тәжірибесін облыстық және аудандық жолдарда да енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Комиссия мәжілісінде «Пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру органдарынан босатылған адамдарды жұмыспен қамту шараларына тарту және бекітілген квотаның орындалуы туралы», «Салық саласындағы құқықбұзушылықтар мен өзекті мәселелер туралы және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау жолдары» жөнінде жауапты басшылардың баяндамалары, ұсыныстары тыңдалды.
Жыл басынан пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында облыс көлемінде 42 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, жылжымалы мансап орталықтары тарапынан шалғай елді мекенде тұратын азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары түсіндірілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесімен есепті кезеңде 522 адам жұмысқа орналасу үшін аудандық, қалалық мансап орталықтарына жүгінді. Жұмыспен қамту шараларымен 457 азамат қамтылса, оның 249-ы тұрақты жұмыспен қамтылып, 86 азамат қоғамдық жұмысқа, 9 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 3 адам «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа жолданған.
Биыл бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтарды жұмыспен қамту бойынша 17 квота орындары бекітілді. Есепті кезеңге мансап орталықтарына 29 азамат жұмыс мәселесімен келген.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдары мен жергілікті билік арасында тығыз байланыс орнатылды. Құқықбұзушылықты алдын алу, көші-қон заңнамаларын сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл тек құқық қорғау қызметкерлерінің міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр азаматтың заңға бағынуы, жол қозғалысында мәдениетті көрсетуі және қоғам алдындағы өз міндеттерін орындауы – тұрақты дамудың негізі.
Сонымен қатар, жұмыссыздықты төмендету және ауылдық жерлерде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін жәрмеңкелер мен тренингтер азаматтарға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Жоғары сапалы жұмыс орындары мен тұрақты табыс көзі тұрғылықты жерлеріндегі әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлес қосады. Сондықтан да жергілікті билік пен азаматтық қоғамның бірлескен әрекеттері маңызды.
