
Бүгін Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылында «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорнының ашылу салтанаты өтті.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған кәсіпорын клиникалық-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттерді өндіруге бағытталған. Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны, зарарсыздандырылған» және «қоректік ортаға арналған инактивтелген жылқы сарысуы» сынды жоғары сапалы өнімдер дайындалады.
Кәсіпорынның негізін қалаушы – 40 жылдан астам тәжірибесі бар провизор, фармацевтика саласының білікті маманы Джузенова Гулия Бексултанқызы. Ол жаңа өндіріс орны арқылы ел медицинасына сапалы отандық өнім ұсынуды және жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды мақсат еткен.
Салтанатты рәсім барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесіне тоқталды. Ол өңірде осындай инновациялық бағыттағы жобалардың арта түсуі – мемлекеттің индустриялық-инновациялық саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Мұнан соң сөз алған аудан әкімі Азат Оралбаев қатысушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап:
«Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму саясаты аясында елімізде жоғары технологиялы, импортты алмастыратын өнімдерді өндіруге баса назар аударылып келеді. Осы бағыттағы бүгінгі маңызды қадам – ауданымызда осындай бірегей өндірістің ашылуы.
«Дарын-2030» серіктестігінің бастамасы – бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар отандық медицина мен денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес. Ендігі жерде шетелден әкелінетін өнімдер өз жерімізде, өз мамандарымыздың күшімен өндіріледі», – деді аудан басшысы.
Ресми бөлімнен соң қонақтар зауыттың ішін аралап, өндірістік үдеріс пен заманауи технологиялардың жұмысымен танысты.
Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру мен медициналық саланы дамыту жолындағы маңызды бастама болмақ.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлік саласының өкілдері, медицина мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Жиналған көпшілік бұл өндіріс орнының ашылуын аудан экономикасының өсімі мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.
Айта кетейік, кәсіпорын алғашқы кезеңде 20-дан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа цехтар мен зертханалар іске қосылған жағдайда жұмыс орындарының саны 50-ге дейін жетпек. Бұл жоба – өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты жемісі.
Өндіріс орнын іске қосқан «Дарын-2030» серіктестігі алдағы уақытта экспорттық нарыққа шығуды да көздеп отыр. Осылайша, Ордабасы ауданында өндірілген медициналық реагенттер жақын шет елдердегі зертханаларда да қолданылатын күн алыс емес.
