
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг пен бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында әкімдіктің тұрақтандыру қорында жеткілікті көлемде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 39 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары нарықтық бағадан 15-20% төмен саудалануда.
Сонымен қатар әр апта сайын облыс аумағында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен өнімдер нарыққа делдалсыз жеткізілуде. Нәтижесінде, тұтынушылар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 20-30% төмен бағада сатып алуда.
Әкімдік тарапынан ет өндіретін шаруаларға арнайы қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр етінің бағасы базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр. Жалпы, статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа және көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздегі ең төмен бағалар қатарында.
Одан бөлек, «Береке Fest» акциясы басталып, сауда желілерінде бағаның өсуін тежеу және төментеду мақсатында сауда үстемесі 10%-дан аспауға тиіс деген шартпен міндетті меморандумдар жасалды. Аталған акция барысында қала аумағындағы 14 супермаркетпен арнайы меморандумдар түзілді.
Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар одан әрі жалғасатын болады.
Алдағы уақытта Түркістан облысы әкімдігі тарапынан азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға бағытталған шаралар одан әрі күшейтілетін болады. Жұмысшы топтар мен бақылаушы органдар өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, сауда орындары мен дүкендерде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бақылауды үнемі жаңартып отырады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігі мен сапасы басты назарда болады. Сонымен қатар, облыс әкімдігі және жергілікті билік тарапынан тұрақты түрде халықпен кері байланыс орнатылып, олардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, келешекте жаңа бастамалар мен жоспарлар жүзеге асырылатын болады.
Бұл шаралар тек азық-түлік нарығын тұрақтандырып қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға да ықпал етеді. Өндіріс пен тұтыну арасындағы тікелей байланыс артқан сайын, халықтың өмір сүру деңгейі жоғарылайтыны сөзсіз. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар үшін жаңа нарықтар мен сауда алаңдары ашылып, олардың қызметін кеңейтуге және табысын арттыруға мүмкіндік туындайды. Түркістан облысы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
