
25 қазан – Республика күні қарсаңында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол ауылына газ берілді. Бұл шағын ауыл Қазақстанның ең оңтүстік нүктесінде орналасуымен ерекшеленеді.
Ауыл өмірінің сапасын арттыру, халықтың тұрмысын жеңілдету, экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік мақсатындағы бұл жобаның жүзеге асуы — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жарқын нәтижесі.
Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов бұл аудан бойынша газға қосылған 56-шы елді мекен екенін атап өтіп, келесі жылы аудан 100% табиғи газбен қамтылатынын қуанышпен хабарлады. Ал, «QazaqGaz Aimak» АО-ның құқықтық мәселелер және қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры, осы ауылдың тумасы Абзал Сұлтанбеков бала күнінде отын жинап, тезек істегенін, осы ауылды газбен қамту үлкен армандарының бірі болғанын атап өтті.
Шара барысында елге танымал мәдениет, ғылым, спорт және саясат өкілдері де сөз сөйлеп, ауыл халқын қуаныштарымен құттықтады. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халық әртісі Нұрлан Өнербаев, белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Бақтияр Өнербаев, «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Ғабит Тәжімұратов, «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының вице-президенті Қуаныш Омарбеков, ҚР Жаппай көкпар федерациясының Президенті Ғани Дирманов, Самбодан 3 дүркін әлем чемпионы, кәсіби спортшы Арман Оспановтар болды.
Нұрлыжол ауылының ақсақалдары игі бастаманың жүзеге асқанына ризашылықтарын білдіріп, ел ағаларына алғыстарын жаудырды. Жиын соңында қатысушылар жаңа газ жүйесінің символикалық отын жағу рәсіміне куә болды.
Нұрлыжол ауылындағы жағымды жаңалықтар мұнымен тоқтап қалмайды. Меценаттардың демеушілігімен ауылға мешіт салу жоспарланып, жаңа нысанның іргетасы да қаланды. Одан бөлек, жаңа оқу жылында бұл ауылда 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Бұл оқиғаларды ауыл жұрты ерекше қуанышпен қабылдап, ас беріп, дүркіретіп той жасады.
Айта кетейік, Нұрлыжол ауылы Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас аумағында орналасқан. Бұл географиялық ерекшелік ауыл инфрақұрылымының дамуына әсер етпей қоймағаны белгілі. Дегенмен, елді мекеннің біртіндеп жаңарып, әлеуметтік нысандармен қамтылуы – мемлекеттің өңірлік даму саясатының нақты жемісі. Табиғи газдың келуі тек тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, мектеп, балабақша, медициналық мекеме, шағын кәсіпкерлік нысандарының жұмысын да анағұрлым тиімді етеді.
Осының алдында ғана пайдалануға берілген жаңа мектеп пен алдағы уақытта бой көтеретін мешіт – ауылдың әлеуметтік және рухани әлеуетін арттыра түсетін игі қадамдар. Елдің шетінде емес, шекарасында отырған ауыл тұрғындары мемлекет назарын нақты сезініп отыр. Бұл – ел ішіндегі тең дамуға бағытталған ұстанымның айқын көрінісі. Ендігі кезекте ауыл халқы өз болашағына сеніммен қарап, берекелі тірлік пен өркендеуге ұмтылуда.
