Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар мен тұрғындардың айтқан өтініштерінің орындалуы бойынша екінші жартыжылдыққа жоспарланған есептік кездесуі Қызылқұм ауылдық округінде жалғасты.

Аталмыш жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Қахарбай Исаев пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлімдер басшылары, денсаулық сақтау мен білім беру саласының басшылары, тұрғындар қатысты.

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында өткен кездесуде округ орталығы Қызылқұм ауылында мектеп салу, дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу, ауыз су, мәдениет үйін салу, жол кедергісін орнату және Алғабас, Түркебай елді мекендерінде КТП орнату, ағын су нысандары мен көшелерді жөндеу, жарықтандыру сынды көтерілген 11 мәселе бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстардың атқарылуы нәтижесінде 6 мәселе шешімін тапса, 5-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы облыстық бюджет есебінен округтегі Алтынкөл, Мақталы, Ақбұлақ, Көбек елді мекендері табиғи газбен қамтылса, Алтынкөл елді мекеніндегі Түркістан, Алаш, Қызылту елді мекеніндегі Едіге, Мақталы елді мекеніндегі Жастар, Ақбұлақ елді мекеніндегі Сарқырама көшелері орта жөндеуден өткен.

Ал, жергілікті қазынадан қаралған 8,2 млн теңгеге Қосқұдық елді мекеніне футбол алаңшасы салынса, Қызылқұм елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы басталған. Алтынкөл ауылына 4 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, Алғабас ауылынан футбол алаңшасының құрылысын бастауға 1 млн теңге бөлінген. К-30-24 каналының 1 шақырымы, К-30-26 каналының 3 шақырымы механикалық тазалаудан өтуде.

Бұдан бөлек, ауылдардың санитариясын қамтамасыз етуге 5 млн теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 4,8 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Кездесу соңында жергілікті тұрғындарға аудан әкімінің жеке қабылдауы өткізіліп, айтар ұсыныстар мен арыз-шағымдары тыңдалды.

Аудан әкімінің халықпен тығыз байланыс орнатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған жұмыстары жалғасуда. Бұл өз кезегінде Жетісай ауданының тұрақты даму қарқынын қамтамасыз етіп, қоғамдық бірлікті нығайтуға үлкен септігін тигізуде. Тұрғындар өз мәселелерін тікелей айта алатын мүмкіндікке ие болып, сол арқылы жергілікті басқару жүйесіне сенім артады. Жиындарда айтылған барлық ұсыныстар мен сұрақтарға жауап беріліп, әрбір мәселе бойынша нақты жоспарлар жасалуда, ал бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік инфрақұрылымының сапалы дамуына ықпал етуде.

Жалпы, Жетісай ауданында ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қызылқұм ауылдық округіндегі каналдардың механикалық тазалануы, жарықтандыру және спорт алаңшаларының құрылысы сияқты маңызды шаралар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізіп отыр. Серік Үсенұлы Мамытовтың жүргізіп жатқан жұмыстары мен халықтың қатысуы арқылы ауданның әлеуметтік және экономикалық жағдайын көтеру бағытындағы күш-жігері айқын көрінеді. Тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын ескеріп, олардың шешілуі үшін нақты әрекеттер жасалуы, тұрғындардың өз өмірін жақсартуға деген сенімін нығайтады.