Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында «Ұлы даланың жүрегі — Отырар: тарих, мәдениет, және дәуір» атты ғылыми — танымдық конференция өтті. Аудандық мәдениет сарайындағы тағылымды іс-шараға келушілер алдымен отырарлық белгілі қылқалам шебері Әділхан Мәліктің шығармашылығына негізделген «Көне де жаңа Отырар – қазақ тарихының тұмары» сурет көрмесін тамашалады. Конференцияға отырарлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Серік Сейітман модераторлық етті.

Жиын барысында «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Абай Балажан «Баспасөз – халықтың рухани азығы» тақырыбында баяндама жасап, «Отырар алқабы» газетінің өткені мен бүгінгіне тоқталды. Өлкетанушы, Отырар ауданының құрметті азаматы Бекжан Бейсенбай 30-дан астам ғұлама ғалымдар шыққан киелі өлкенің рухани орталығы болған «Отырар кітапханасы» туралы ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, Отырар ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әлімжан Құртаев, этнограф-ғалым, мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашов тасын түртсең тарихы сөйлейтін киелі Отырардың әр кезеңдердегі даму тарихына тоқталып, мерейтойлық лебіздерін білдірді.

Іс-шара қонақтары тарихтың сан қатпарлы беттерінде алтын әріппен жазылған өлкенің 90 жылдық шежіресін түгендеп, өнегелі жолын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында жарық көрген естелік кітаптің тұсаукесер рәсіміне қатысты. Ғылыми басқосуды Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты.

Бұл ғылыми-танымдық конференция – Отырардың терең тарихы мен бай мәдени мұрасын дәріптеуге арналған мазмұнды да мағыналы шара болды. Ұлы өркениеттерге алтын бесік болған Отырар – тек өткеннің шежіресі ғана емес, болашаққа бағдар болатын рухани темірқазық. Көне Отырардың ғылым мен білімдегі, мәдениет пен әдебиеттегі орнына баға беріп, сол асыл мұраның бүгінгі ұрпақпен жалғасуы – елдік пен елжандылықтың көрінісі.

Конференцияда айтылған орамды ойлар мен зерделі пікірлер, деректі баяндамалар мен тарихи мәліметтер – ауданның 90 жылдық мерейтойының салмағын арттыра түсті. Бұл жиын тек өткенді еске алу емес, ұлы бабалардан қалған аманатты ұлықтау, соны келешекке жеткізу жолындағы игі бастамалардың жалғасы болды.

Киелі Отырар топырағы – ұлт руханиятының алтын діңгегі. Осындай тағылымды басқосулар арқылы тарихи жадымыз жаңғырып, ұрпақ санасында ұлттық рухтың оты маздай түсетіні сөзсіз. Бұл – тарихты құрметтеу мен болашақты кемелдендіруге бағытталған рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі.

Отырардың 90 жылдық мерейтойы аясында өткен әрбір шара – тек мерекелік форматтағы жиын емес, шынайы мазмұн мен терең мәнге ие өрелі істердің көрінісі. Ұлы дала жүрегі – Отырардың өркендеуі жалғаса бермек.