Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кезекті кездесуі Қарақай ауылдық округінде өтті. Ауыл азаматтарымен еркін форматта пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді. Айтылған ұсыныстар мен күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жолдарын бірге талқылап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, денсаулық сақтау және білім беру салаларының басшылары, жергілікті тұрғындар қатысқан жиында Серік Үсенұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму саласында жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Өткен кездесуде Қарақай ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген Сәтпаев, Еңбек елді мекендеріндегі көшелерді жөндеу, Кетебай ауылына спорт алаңшасын салу, аяқжолдар мен ағын су каналдарын жөндеу, мектепке қосымша ғимарат салу, тік дренажды ұңғымаларды ретке келтіру, уақытылы қосу секілді 17 мәселенің 5-нің шешімін тапқанын, 12-сі тұрақты бақылауда екенін айтты.

Биылғы жылы Кетебай елді мекенінен спорт алаңшасын салуға 14 млн теңге қаралып, қазіргі таңда тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Одан бөлек, 2024-2025 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінген 126 млн теңгеге Сәтпаев елді мекеніндегі Жеңіс, Отан, Құрманғазы, Абай, Белгібаев көшелеріне және облыстық бюджеттен бөлінген 150 млн теңгеге Алатау, Бірлік, Т.Рысқұлов, Төреқұлов, Наурыз көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жергілікті қазынадан қаралған 17 млн 953 мың теңгеге Кетебай елді мекеніндегі Ә.Молдағұлова көшесіне аяқжол салынған.

Сонымен қатар, аталмыш елді мекендегі аллеяны қоршауға 1,3 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқан болса, Қарақай елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудан бюджетінен 1 млн теңге қаралған. Елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су ұңғымасына ағымдағы жөндеу (бурение) жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржылар қаралып, жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айында басталуы жоспарланған.

Округ дихандарына ағын су жеткізіп беруді жеңілдету мақсатында К-МО-1, К-МО-1-1, К-МО-1-1-1, К-23, К-23-5 ағын су каналдары механикалық тазалаудан өткізілген.

Есептік кездесуден кейін аудан басшысы мәселелерін жеке айтамын деушілерге қабылдау өткізіп, арыз-өтініштерін тыңдады.

Қарақай ауылдық округіндегі кездесу барысында тұрғындармен ашық әрі тиімді пікір алмасу жүзеге асырылды. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың халықпен кездесулері жергілікті мәселелерді шешу және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Кездесуде айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер нақты шаралар мен шешімдер арқылы қолдау тапты.

Аталған іс-шаралар, оның ішінде жол жөндеу, спорт алаңшасын салу, ауыз су жүйелерін қайта құру және ағын су каналдарын тазарту сияқты жұмыстардың барлығы Қарақай ауылдық округінің дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Бұл жұмыстардың орындалуы тұрғындар үшін маңызды өмірлік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді және ауданның инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етеді. Тұрғындардың арыз-өтініштері бойынша қабылдаудың өткізілуі, олардың жеке мәселелерінің де шешімін табуына ықпал ететін болады.

Осылайша, Жетісай ауданының әкімдігі халықпен тығыз байланыс орнатып, әрбір тұрғынның мәселесіне жеке назар аударады. Серік Үсенұлы Мамытовтың бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстар мен кездесулер, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Әрбір шешім мен атқарылған іс әрекет арқылы аудан тұрғындарына жасалып жатқан қамқорлықты сезіну мүмкіндігі артып, алдағы уақытта да сол бағытта жүйелі жұмыстар жалғасын табатыны анық.