Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес кезекті кездесуі Жылы су ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен аудандық мәслихат депутаттары Айбек Сұлтанмұрат пен Олжас Қаныбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, денсаулық сақтау және білім беру салаларының басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты. Алдымен ауданның индикаторлық көрсеткіштерін саралап, жетістіктер мен кемшіліктерді таныстырған аудан басшысы Жылы суда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.

Серік Үсенұлы Мырзашоқы елді мекеніндегі Наурыз, Ынтымақ, Өркениет, Молшылық, Болашақ, Жоба, Жоба 1 көшелеріне орташа жөндеу жүргізуді бақылауға алып, Майтөбе көшесіндегі ауыз су құбыры желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 6,9 млн теңге қаралып, шілде айында аяқталғанын, Жылы су елді мекеніндегі Ақжол көшесін абаттандыруға аудандық бюджеттен 5 млн теңге қаралып, жұмыстардың қараша айында басталуы жоспарланып отырғанын және Жылы су елді мекеніндегі мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы кәсіпкер есебінен басталып, 2026 жылы қолданысқа берілуі жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Әл-Фараби елді мекеніндегі Жоба, Атақоныс көшелеріне жарық шамдар орнату үшін жергілікті бюджеттен 21,8 млн теңге қаралып, жұмыстар шілде айында аяқталған. Бүгінде электр жарығын қосу үшін тиісті құжаттар рәсімделуде.

Одан бөлек, Баққоныс ауылында өткен жылы құрылысы басталған фельдшерлік-акушерлік пункт биылғы жылдың басында пайдалануға беріліп, жергілікті бюджеттен бөлінген 10 млн теңгеге Жылы су елді мекенінде орналасқан спорт кешеніне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қыркүйек айында Испулов көшесіне аяқ жол салу жұмыстары басталған.

Осы және өзге де өзекті мәселелерді тұрғындармен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдаған аудан әкімі қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеке қабылдау өткізді. Айтылған өтініштер мен арыз-шағымдар бойынша жауапты сала басшылары мен тиісті мекемелерге хаттамалық тапсырмалар беріп, орындалуын өз бақылауында ұстайтынын ескертті.

Жылы су ауылдық округінде өткен кездесу тұрғындар үшін маңызды әрі тиімді болды. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тұрғындармен тікелей қарым-қатынасы олардың мәселелеріне жылдам әрі тиімді жауап табуға ықпал етті. Бұл кездесулердің басты мақсаты – елді мекендердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп, әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін нақты қадамдар жасау.

Аталған іс-шарада көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта ауданның даму стратегиясында маңызды орын алатыны сөзсіз. Жылы су ауылындағы инфрақұрылымдық жақсартулар мен жаңартулардың кезең-кезеңімен іске асырылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қоғамдық үйлесімділікті нығайтуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстардың жалғасуы мен тиімді орындалуы ауданның болашақта да дамуына оң ықпал ететін болады