«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Төлеби ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының мүшелері, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері мен ауылдық округтердің тұрғындары белсене қатысты.

Аудан басшысы Еркеғали Әлімқұлов ақсақалдармен бірге аудан орталығы Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағының аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, сенбілікке белсенді түрде атсалысты.

Аудан орталығында өткен сенбілікке 600-ге жуық тұрғын қатысып, 14 техника бірлігі жұмылдырылды. Тазалық шаралары барысында Төлеби шатқалы мен қалалық саябақтарда қоқыс жиналып, барлығы 31 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар клеон, катальпа және айлант ағаштарының 300-ге жуық көшеті отырғызылды.

Жалпы бүгінгі сенбілік барысында 2000-ға жуық көшет егілді. Іс-шараға жалпы саны 2400-ден астам адам қатысып, тазалық жұмыстарына 24 техника түрі тартылды.

Айта кетсек, аудандық сенбілік кезінде аудан аумағынан 63 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Экологиялық ахуалды жақсарту және ауданның жасыл аймағын кеңейту мақсатында ауданның 12 ауылдық округінде 29 600 түп ағаш көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Егілетін көшеттердің қатарында катальпа, айлант, арша (можжевельник), ясен, туя және қарағаш бар. Олар аудан орталығы мен ауылдық округтердің аулалары мен орталық көшелеріне отырғызылмақ.