Сарыағаш ауданында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Экологиялық шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бастаған аудан басшылығы, мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар ұйымдары, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары белсенді түрде қатысты. Жалпы сенбілікке төрт мыңға жуық адам жұмылдырылды.

Іс-шара барысында аудан аумағында орналасқан барлық мекемелерге нақты аумақтар белгіленіп, таңғы сағат 9:00-ден бастап тазалық жұмыстарын жүргізді. Бей-берекет тасталған қоқыстар жиналып, аумақтар ретке келтірілді. Тазалық жұмыстарына арнайы техникалар жұмылдырылды. Сонымен қатар, көгалдандыру шаралары атқарылды. Сарыағаш қаласындағы «Жеңіс» саябағында шырша көшеттері отырғызылып, жасыл желек аумағы ұлғайды.

Сенбілік аясында аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындармен, жастармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, табиғатты қорғаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлерді көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауданымызда көктем және күз мезгілдерінде дәстүрлі түрде ағаш отырғызу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі күні отырғызылған жас көшеттер, бұған дейін егілген ағаштармен бірге келешекте саялы баққа айналып, болашақ ұрпаққа мол мұра болады. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана халқымыздың өсиетімен бұл игі іске атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың парызы, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.