Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Мелекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық шарасы аясында ұйымдастырылып жатқан сенбілік жұмыстарына жетісайлықтар да белсене қатысуда.

Бүгінгі ұйымдастырылған ауқымды шараға мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен ерікті жастар, ауыл тұрғындары мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері біркісідей қатысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтар мен көшелердегі қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты. 3700-ге жуық адам шыққан сенбілікте санитарлық тазалық жұмыстарынан бөлек 300-ден астам түп көшет егілді.

«Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді. Сондықтан ауданымыздың көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез-келген жерге тастамай, таза ұстауға атсалысуы қажет. Өйткені, ортақ үйіміздің көркеюі өз ауламызды, ауылымызды, қаламызды таза ұстаудан басталатыны белгілі. Алдағы уақытта да тазалықты сақтау жұмыстары жүйелі жоспарға сәйкес жалғасатын болады» дейді аудан әкімі Серік Мамытов.