Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.

Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау идеясын кеңінен насихаттау, сондай-ақ аудан аумағын тазарту мен көгалдандыруға бағытталған.

Сенбілік жұмыстары ауданға қарасты 13 ауыл округінде өтті. Табиғатты аялау шарасы мен тазалық жұмыстарына мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, білім және медицина саласының қызметкерлері, белсенді жастар мен аудан тұрғындары, жалпы саны 3000-ға жуық адам қатысты.

Тазалық жұмыстары барысында 16 дана арнайы техника жұмылдырылып, күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар ауданның көгалдандыру аумағын кеңейту мақсатында 50 түп шырша ағашы отырғызылды.

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов сенбілікке қатысқан тұрғындарға ризашылығын білдіріп, мұндай шаралардың қоғамда экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.