Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара барысында қала тұрғындарына сапалы өнімдер қолжетімді бағада ұсынылды.

Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарлары сондай-ақ «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері саудаға шығарылды. Нарықтағы бағадан 30-50 пайызға төмендетілген бағамен сатылған азық-түлік тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.

– Бұл жәрмеңке ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілер үшін де өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен аптада «Отырар» мөлтек ауданында өткен жәрмеңке бүгін «Бірлік» секторында өтуде. Кезекті жәрмеңке 10-қазан күні «Яссы» секторында (Хақназар хан көшесін н/з фронт офис) өтеді деп жоспарлануда, – деді «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев.

Жәрмеңкеге келген жұртшылық күнделікті тұтынатын картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдерін тиімді бағамен сатып алды. Сауда алаңы қала тұрғындарын арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің де дамуына серпін берді.

Жәрмеңке барысында өнімдердің сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілінен шығып, сауда алаңы үлкен ықыласпен өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту ғана емес, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің өнімдерін нарыққа шығаруға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беру. Кәсіпкерлер үшін мұндай жәрмеңкелер өз тауарларын тікелей тұтынушыларға ұсынуға және сатылым көлемін арттыруға жол ашады.

Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты түрде осындай жәрмеңкелер арқылы ұсыну, тұрғындарға тиімді бағада азық-түлік алу мүмкіндігін беру – әлеуметтік маңызды бастама болып табылады. Бұл шаралар тұрғындардың азық-түлік қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, өңірлік экономиканың дамуына да үлес қосады. Сондай-ақ, жәрмеңкелердің алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетіні хабарланып, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін тиімді әрі пайдалы платформа қалыптасып отыр.