
Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында қаланың басты даңғылдарының бірінде жаңа аллея ашылды. Бұл демалыс аймағы тұрғындардың тынығуына арналған және қала келбетінің ажарын арттыратын маңызды нысанға айналуда. Аталған аллея КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, I, II, III дәрежелі «Кенші Даңқы» төсбелгісінің иегері, ҚР Құрметті кеншісі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Кентау қаласының Құрметті азаматы Сақ Мәуленқұловтың есімімен аталды. Сақ Мәуленқұловтың есімі кеншілер қоғамы үшін айрықша орын алады, оның еңбегі мен қоғамға сіңірген қызметі ұрпақтар үшін өнегелі үлгі болып табылады.
Салтанатты шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, кенші ардагерлері, Сақ Мәуленқұловтың туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл оқиға қала тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды. Аллеяның ашылуымен қала тұрғындары мен қонақтары жаңа демалыс аймағын тамашалап, таза ауада серуендеуге мүмкіндік алды.
Жаңа саяжол Кентау қаласының дамуы мен көркеюіне қосқан маңызды үлесі болып табылады. Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы өз сөзінде жиналғандарды қала күні мерекесімен құттықтап, Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмірі мен елеулі еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Сақ Мәуленқұловтың барлық өмірі — жер қойнауын игеру саласындағы қажырлы еңбек пен елдің игілігі үшін қызмет ету жолы болып табылады. Әкім мереке барысында жаңа аллеяның тек кентаулықтар үшін ғана емес, қала қонақтары үшін де қолайлы демалыс орны болатынын атап өтті.
Шара барысында кенші ардагерлері Исахан Жұмабайұлы, Абибулла Күштаев, сондай-ақ қоғам қайраткері және Кентау қаласын 1999-2001 жылдар аралығында басқарған Болат Жылқышиев сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Ардагерлер жаңа аллеяның ашылуы қала тарихындағы маңызды оқиға екенін атап өтіп, оның қаланың мәдени өмірін жаңғыртуға ықпал ететінін айтты.
Шараның соңында жиынға қатысушылар жаңа аллеямен танысып, естелік суреттерге түсті. Аллеяның ашылуы қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы демалыс ортасын ұсынып, қаладағы туризм мен мәдени өмірдің дамуына да өз ықпалын тигізетін болады. Бұл маңызды бастама Кентаудың көрікті орындарының қатарын арттырып, қаланың дамуына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз.
