Түркістан облысындағы үш кәсіби театр мен «Jana Lep!» өнер ұжымы шығармашылық маусымын аяқтап, жазғы маусымдық демалысқа шықты.

Өңірдегі театр өнерінің қарашаңырағы саналатын Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры 56-шы театр маусымын «Ер-Төстік» поэтикалық драмасымен түйіндеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар өнер ордасы биыл да көрерменге мазмұнды қойылымдар ұсынып, шығармашылық ізденісін жалғастырды.

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры 25-ші маусымды аяқтап, «Хат тасушы» драмасын ұсынды. Театр репертуарындағы әлеуметтік-психологиялық бағыттағы қойылымдар көрермен көңілінен шықты.

Ал ең жас ұжым Түркістан музыкалық драма театры 4-ші маусымды гастрольдік сапармен аяқтады. Елорда төрінде өнер көрсеткен театр ұжымы Астана қаласының көрерменіне «Sheikh Sanan Fatum» қойылымын, «Turkistan» ансамблінің гала концертін және «Вальс королі» спектаклін ұсынды.

Өткен маусым барысында үш кәсіби театр мен «Jana Lep!» өнер ұжымы білім арттырып, өзге өңірлермен тәжіриье алмасты. Жазғы маусымда театр ұжымдары шығармашылық ізденіс пен жаңа қойылымдарға дайындық жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Келесі маусымда жаңа премьералар мен қызықты жобалар күтеміз!