Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 30 маусым басталды. Бүгінде жалғасын тауып жатыр.

31 шілде аралығында өтіп жатқан «Тиянақты кітапханашы – 2025» жазғы оқу курсы өз жұмысын табысты жалғастыруда. Аталған курс кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және заманауи талаптарға сай жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруді мақсат етеді.

Курстың алғашқы күнінде «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова аудандық кітапхана мамандарын жылы қарсы алып, кітапхананың құрылымы мен қызмет бағыттары жайында таныстырылым өткізді. Ал директордың орынбасары Шахмира Байжігітова қазіргі заманғы кітапхана ісінің маңызы мен даму үрдістері туралы мазмұнды дәріс оқыды.

«Баспасөз қызметі» бөлімінің мамандары Шұғыла Бахтиярқызы мен Нұрасыл Еркебұлан бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс жасау, сапалы мақала жазу және тартымды медиа-контент әзірлеу бойынша тәжірибелік тренинг жүргізді. Сонымен қатар, «Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің» басшысы Назира Исабекова қорды қалыптастырудың заманауи әдіс-тәсілдері туралы баяндама жасады.

Оқу курсының екінші күні де кәсіби мазмұндағы сабақтармен жалғасты. «Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің» басшысы Дана Байдәулетова «Оқырманмен жұмыс жүргізудің заманауи формалары» тақырыбында дәріс оқыды. Сабақ барысында оқырман сұранысын қанағаттандыру, ақпараттық қызмет көрсету сапасын арттыру және қызмет түрлерін әртараптандыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Балалар секторының меңгерушісі Летаева Жанерке балалар мен жасөспірімдер аудиториясымен жұмыс ерекшеліктері туралы бөліссе, «Мерзімді басылымдар секторының» меңгерушісі Пернехан Балнұр мен кітапханашы Ерімбетова Ақнұр күнделікті жұмыс тәжірибесінен мысалдар келтіріп, заманауи технологияларды пайдаланудың тиімділігін көрсетті.

Күннің екінші жартысында «Ғылыми зерттеу бөлімінің» басшысы Жаңыл Тұрлыбек сирек және құнды басылымдар қорымен таныстыру сабағын өткізді. Дәріс барысында сирек қордың құрылымы, сақтау ережелері және ғылыми-зерттеу мақсатында пайдалану тәртібі түсіндіріліп, қатысушылар қордағы сирек кітаптармен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, курс аясында Арыс, Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш және Келес аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері іс-тәжірибелік сабақтарға қатысып, теориялық білім мен практикалық машықты қатар меңгеріп жатыр.